27.11.2020, 16:15
Оқылды: 198

Жәдігер шерткен сыр

«Ақмаңдай ару жылайды,

Көз жасын көл ғып бұлайды.

Ақындар асып туғанмен,

Жұлдыздай ағып құлайды...

Ақын боп туған асыл тек,

Көрмедің әсте бас іркеп.

Махамбет бабаң рухымен,

Жандың да кеттің Асылбек...» ( Мұнайдар Балмолда)

 асылбек1

Жаңақала ауданының орталығында орналасқан Д.Нұрпейісова атындағы өнер музейінде 2000-нан аса жәдігер сақтаулы. Осы жәдігерлердің әр бірі тұнып тұрған тарих, әр қайсысының өзіндік ерекше құндылығы бар. Музей экспозициясында көрініс алған сондай жәдігерлердің бірі - жерлесіміз, айтыскер ақын Асылбек Миразатұлы Ишановтың сахналық киімі мен домбырасы.

Дина музейіне келушілердің көбі бұл сахналық киімнің кімге тиесілі екенін бірден танып, біліп жатады. Көзге оттай басылып, көрерменнің ерекше қызығушылығын тудыратын бұл жәдігерлерді ақынның ата-анасы музейге табыстаған болатын. Ал музей қызметкерлері Жаңақала ауданының мақтанышы болған, айтыс өнерінде ерекше қолтаңбасы қалған Асылбектей жыр сардарының атын өшірмей, өнерін насихаттау мақсатында әртүрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. Оқушылар арасында ақын өлеңдерін оқу, тақырыптық, жылжымалы көрмелер, кездесу кештері жүйелі түрде өткізіледі.

Биыл Асылбек ақын тірі болғанда 36 жасқа толар еді?!.. Өкінішке орай, Жаңажол ауылында дүниеге келген жас ақынның ғұмыры қысқа болды. Осы қысқа ғұмырында ол артына өшпес мұра қылып жыр-әндерін қалдырды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Аламан айтыс» теледуманында жарқырай көрініп, ел-жұртқа кеңінен танылған еді. Бір кем дүние. Асыл ақын 2007 жылы жол апатынан қайғылы қазаға ұшырап, сағынышқа айналып кете барды.

Бүгінгі таңда ақынның «Аламан» айтысқа арнайы тіктірілген сахналық киімі мен домбырасы, «Аманат» атты кітабы Д.Нұрпейісова атындағы өнер музейінің экспозициясынан орын алды.

Музей қоры жалпы халықтық құндылықтың  меншігі.  Әрбір музей жәдігері  музей қорында заңды түрде рәсімделетінін  айта отырып, музей қорына құнды жәдігерлер тапсыруларыңызды сұраймын.

 

Сымбат Рысқалиева,

Дина Нұрпейісова атындағы өнер музейінің меңгерушісі

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале