22.02.2024, 17:00
Оқылды: 9

«Жайдарманның» жас жұлдыздары телевизиялық түсірілімге жолдама алды

Тасқала ауданында кішкентайынан өз бойындағы ерекшелігі мен дарынын көрсете білген ұл-қыздар жетіп артылады. Соның бірі – Қамбар Рахметов жетекшілік ететін «Жұдырық» командасы.

6d981dfb-c724-4ce6-a1b1-4c98b9bc2788

 Бала бойындағы жақсы қасиет пен талантты дер кезінде байқап, оны ашуға тырысып, басын қосып, тәрбиелеп келе жатқан Қамбар Сансызбайұлының еңбегі зор. Ол өзі Тасқала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығында драма үйірмесін жүргізеді. Жақында Қамбардың шәкірттері Астанада өткен дәстүрлі республикалық «Жайдарман» ойындарының «Маусымашар – 2024» фестивалінде ауданымыздың намысын қорғап, 70-ке жуық команда арасынан «JAIDARMAN Junior» ойынында үздіктер қатарынан көрініп, телевизиялық түсірілімге жолдама алды.

ab8a9ba9-527e-4696-beab-8800cccd7bf5

Осындай танымал жастарды тәрбиелеп келе жатқан Қамбар Рахметовті сөзге тартқан болатынбыз.

b54e5b88-a03a-4f66-b115-99363ca1ec10

– Өзім жастайымнан өнерге жақын өстім. Жалпы, КТК-мен айналысып жүргеніме 10-15 жылдай болды. Уақыт өте келе шәкірт тәрбиеледім, алдыңғы шәкірттерім үлкен жігіт болып кетті. Қазір осы оқушыларымның бойынан үлкен талантты көргеннен кейін оларды өнерге баулып келемін. Нәтиже жаман емес, үлкен жетістікке жетіп жатыр. Мектептен тыс жұмыс орталығында болғаннан кейін дарынды балаларды іздеп, солардан команда құрдым. Оған «Жұдырық» деген атау бердік. Сол жұдырықтай жұмылған шәкірттерім бүгінде өнер биігінен көрініп келе жатыр. Командада негізінен Ақтау мектебінің оқушылары. Былтыр республикалық маусымашарға қатысып, «JAIDARMAN Junior» ойынында үлкен кубокті ұтып алдық. Бұл – Қазақстан тарихында бірінші рет болған кубок. «JAIDARMAN Junior» деген «жасөспірім» деген мағына білдіреді. Жайдарманды түрлі категорияға бөліп тастады. «Жайдарман кидс» деген – алты мен 12 жасар аралығындағы балалардың ойыны. 12 мен 17 жасар балалар, яғни орта буындағы оқушылар арасында бір кубок тігілді. Сол «Junior» ойынының алғашқы жеңімпазы болдық. Биыл сол ойынға тағы қатысып келдік, бірақ ешқандай ұтыс тігілген жоқ. Республика бойынша 80 команда келді. Күн сайын іріктеу турлары болды. Барлық турдан өтіп, соңында гала-концертке жолдама алдық. Біздің негізгі мақсатымыз – гала-концертте өнер көрсету. Әрине, соңында тек үздіктер қалатыны белгілі. Ойын барысын таразылайтын елімізге танымал адамдар болды. Көптеген актер мен блогер қатысты. Бізге концертті жабу құрметі бұйырды. Соның арқасында шәкірттерім үлкен сеніммен өнер көрсетіп, үздік команда қатарына енді. Алматы қаласында көктемде өтетін «JAIDARMAN Junior» чемпионатына жолдама берілді (жекпе-жек форматында). Осы ойындағы біздің команданың сахнаға шыққандағы өлеңі youtube-та хит болып кетті, 3 миллиондай қаралым жинады. Америка, Грузия, Армения, Ресей, Қырғызстан елдерінен пікір жазғандар бар. Осылайша бір сәтте командамыз күллі әлемге танылды. Алдағы жоспарымыз – Оралда өтетін облыстық ойындарға қатысу, – дейді Қамбар Рахметов.

b3a003c7-398f-4473-8e4c-149d1aba799e

Әрине, өнерлі ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Өнерлі ұрпағы бар ел өркениетті ел болары сөзсіз. Еліміздің ертеңіне айналар өнерлі балалар мен жасөспірімдер жезтаңдай әншілігімен, күмбірлеткен күйшілігімен, мың бұралған бишілігімен, сөз қадірін түсінген шешендігімен елімізді әлемге танытатынына сенімдіміз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтпаса керек. Қамбар Сансызбайұлының командасына тілеріміз – оқушыларыңыз биік белесті бағындарып жүре берсін.

                                                                                          Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz                          

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале