18.02.2022, 9:10
Оқылды: 100

Жайықтың бойы ен тоғай еді...

Бір жылдары еліміздің астанасының маңына ағаш егіліп, жасыл белдеу жасалды. Осындай нәтижелі жұмыстан кейін барлық  өңірге  облыс орталықтарын орман белдеуімен көмкеру тапсырылғаны есімізде. Басқа өңірлерді қайдам, Оралда ондай шаруа жасалғанын  көрмедік. Енді Мемлекет басшысы елді көгалдандыру мақсатында орман қорына 5 жылдың ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырды. Облыста мемлекеттік орман қорының 15 096  гектарына  56,57 млн данадан астам ағаш-бұта тұқымдас көшет  отырғызудың кешенді жоспары жасақталды. Әрине, орманшылар бұл тапсырманы қал-қадерінше орындауға тырысар. Бірақ биылдан бастап ағаш егудің көлемі жыл санап екі еседен астам ұлғаймақ. Ал «Бұған орманшылардың дайындығы қандай, ортақ  шаруаға не кедергі?» деген сауалдар маза бермейді.   

EABF2AF6-D357-42DE-835A-53BDF08AFBFF

Жер сапасы зерттелсе...

Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман патологы Мәлік Мұхтар орман-тоғай зиянкестерімен күресу, жасыл желекті сақтау бағытындағы алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Оның айтуынша, әр ағаштың өзіне тән «жауы» бар. Сондықтан мамандармен бірлесіп зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қажет болған жағдайда тиісті сауықтыру шаралары қолға алынады. Онсыз да республика бойынша орман қоры аз біздің облыстағы бар орманды сақтау аса маңызды.

–  2021-2025 жылдар ішінде біздің мекемеге 2213 гектар аумаққа 7-8 млн түп көшет егу міндеті жүктелді.  Өткен жылы 118 гектарға ағаш егілсе, 2022 жы­лы – 326, 2023 жылы  – 476, 2024 жылы 580, 2025 жылы 703 гектарға  жасыл-желек отырғызылады. Сырт көзге шұңқыр қазып, топыраққа көшетті тыға салатындай көрінгенімен, іс жүзінде оңай шаруа емес. Біріншіден, ағаш егілетін аумақтың топырағы зерттелуі тиіс. Соңғы 10 жылдың көлемінде орман ағаштарының қурау үрдісі күшейді. Өткен жылдары қуаңшылықтан шөп шықпады. Осының барлығы жауын-шашынның түсуіне, қардың жаууына тікелей байланысты. Еккен тал-терегімізге күзде санақ жүргізгенде байқағанымыз, соңғы жылдардағы нәтиже нашар. Бүгінде 1660 гектар алқапқа тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы көлемнің тек 50%-ы ғана ағаш егуге жарамды. Ал қалған жер тұзды, сортаң. Мемлекет  басшысының тапсырмасы орындалатыны сөзсіз. Алайда іске білек сыбана кіріспес бұрын 2200 гектар жердің сапасын зерттеп алғанымыз дұрыс. Одан басқа ол жерлерді жыртып, 5-6 мәрте тырмалап, бір-екі жыл агротехникалық шараларын алып, баптауымыз қажет. Жас өскін күш алып, өсіп кетуі үшін топырағы тас болып жатпауы керек. Осы шаруаларға тиісті техника, агрегат қажет,  –  деді Мәлік Қабдыұлы.

Аталмыш мекеменің техникасы ескі, жаңа деген тракторының өзі 2017 жылы алынған. Мекемеде 4-5 трактор бар. Жақында бір «Беларусь-82» тракторы мен тырма секілді құрал-жабдықтар алынған. Жері сортаң, қаттылау болған соң, жер жыртуға қуатты техника болғаны дұрыс. Ал ағаш егетін арнайы машинаның өзіне 30-40 жыл болған. Жұмыс өнімді болуы үшін жаңа технология-техникамен жұмыс істегенде нәтиже болмақ. Облыста 8 орман шаруашылығы бар. Олардың әрқайсысында кемінде 5-6 трактордан, әр бөлімшеде   бір-екі трактордан болса, жұмыс нәтижесі ойдағыдай болары анық. Өйткені бөлімшелердің әрқайсысының өз жоспар-жобалары бар.

Тұқымбақсыз іс бітпейді

Орманшылар «жоқ» деп қол қусырып отырған жоқ, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуде. Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің Ақбұлақ ауылдық округі аумағындағы Каленый орманшылығының 3 гектар тұқымбағы бар.  2021 жылы онда 800 мыңның үстінде  көшет өсіріліп шығарылды.  Оның ішінде үйеңкі, шаған, қарағаш, терек және басқалары бар. Енді тұқымбақтағы көшеттер санын 2 есе көбейту қажет.

– Биыл 1 миллион 700 мыңдай ағаш егілмек.  Сондықтан 2 миллиондай көшет өсірілуі қажет. Тынымбақтағы көшеттер Жайықтан мотопомпа арқылы суарылады. Енді көшеттерді көбейтетін болсақ, онда қуатты  сорғы (насос) алып орнатуымыз керек. Көшеттер 1-2 жыл өсіріледі. Базалық тұқымбақтар Бөрлі ауданы мен Орал қаласында бар. Оларға ағаштардың тұқымдарын жинап берсе, олар өз кезегінде көшеттерді өсіріп, егуге беріп отырады. Оған қарап отырмай, біз өз тұқымбағымызда да өсірудеміз,  –  деді Мәлік Мұхтар.

Ал Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі бұрын  жылына 50 гектарға ағаш егетін. Енді былтырдан бастап 70 гектарға ағаш көшеттерін отырғызатын болды. Мекемеге қарасты 2022 жылы – 173, 2023 жылы –  250, 2024 жылы –  370, 2025 жылы 370 гектар алқапқа ағаш егіледі. Мекеменің тұқымбағы күні кешеге дейін Тайпақ орман бөлімшесінде орналасты. Қазір оның жері тозғандықтан, «демалтуға» қойылған. Жоспарлы шаруаның көбеюіне байланысты Антон, Қарауылтөбе, Степной орман бөлімшелерінде тұқымбақ ашылуда. 1100 гектар жердің топырағы  Алматыдағы топырақ зерттеу  зертханасында зерттелді.  Сол зерттеуден өткен аумаққа жергілікті топыраққа, климаттық жағдайға үйлесетін көшет отырғызылмақ.

– Бұрын Тайпақ мекемесіне қарасты орман қорының жері жатқызылса, қазіргі кезде шөлейт аймаққа толықтай өтті. Көршілес Атырау облысы мен Тайпақ жерінің топырағы бірдей. Сондықтан ағаш-бұта тұқымдас көшеттер, ыстыққа төзімді, күтімді көп қажет етпейтін сексеуіл, жиде, жыңғыл, қарағаш егеміз.  Бес бөлімшенің бірі – Степнойда сексеуіл тұқымын өсіру қолға алынуда. Қарауылтөбе бөлімшесіндегілер қарағаш көшеттерін өсіреді. Бас тұқымбағымыз Антон бөлімшесінде күзде жиде, үйеңкі, шаған ағаш­тарының тұқымы себілді. Келесі жылы көктемде  алынған көшеттерді отырғызамыз, – деді аталмыш мекеменің директоры Құрманғазы Қуаншәлиев (суретте).

Тайпақ орманшылары мекемесінің де материалдық-техникалық әлеуеті жетісіп тұрған жоқ. Онда екі «ДТ», екі «МТЗ-82» тракторы бар. Олардың өзі 2008 жылы шығарылған, пайдалану мерзімдері аяқталған.  2015 жылы алынған «МТЗ-82» тракторы ғана жұмысқа жарамды. Негізінен ағаш егу жұмыстары механикалық түрде атқарылады. 22 орманшының 11-і орман-тоғайды атпен аралайды. Қалғандары жаяу жүреді.

Орманшылардың, орман инспекторларының жалақысы 60-65 мың  теңге шамасында. Барлығына бірдей емес, кейбір мамандарға ауылдық жерде тұрғаны үшін қосымша ақы төленеді. Тракторшылардың жалақысы өте төмен, 50 мың теңге шамасында. Өйткені олардың күндік нормативі өзгермеген. Айлығы шайлығына жетпейтін болған соң, орманшылар мекемелеріне көлік жүргізушілер мен тракторшылар тұрақтамайды. Орманшылардың базалық жалақы шамасы бұрынғы күйінде қалған. Алдымен еңбек адамына жарытымды жалақы берілсе құба-құп. Сала басшысы Алдияр Халелов орманшыларды жаңа техникамен жабдықтау, тұқымбақтарды молайту – басқарманың басты мақсат-мұраты деп отыр. Алдағы ақпан айында бюджеттен тиісті қаржы қаралмақ.  Облыс бойынша ағаш егу жұмыстарын атқаруға  147  дана  трактор  керек.

Әкімдер реформатор болса...

– Аудан әкімі реформатор болуы керек. Басқармаға басшы болып келгеннен кейін, Жайықтың бойын аралап шықтым. Барлық мал өзен жағасында, жылқы біткен орман ішінде тебіндеп жүр. Тал-теректерді қой, сиыр отауда. Онсыз да қурап, сиреген тоғайға мал түсірмеудің қамын жасауымыз керек. Малын бағымға қоспаған адамға айыппұл салып, қатаң шарасын алмасақ, өзен жағалауы жалаңаштанып қалады. Тұрғындар арналарда  су болмаған соң, малды Жайыққа суаруға айдаймыз деседі. Сондықтан әр ауыл жанынан үлкен бөгет жасап, соған су тартып берсек, жасыл-желекті сақтар едік. Тұрғындар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, мал бағымын ұйымдастыруды қолға алса деймін,  – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов. Айтса айтқандай, Алдияр  Сансызбайұлы   Тасқала, Шыңғырлау аудандарында басшы болғанында мал бағымдарын ұйымдастырды. Мысалға, Екінші Шежін ауылы республика бойынша 1-орын алды. Тұрғындар кооператив құрып, малды тегін бағымға шығарды. Бірақ мемлекет тарапынан кооперативке берілген демеуқаржыны (субсидияны) бақташы өзі алады. Осылайша түйткілді мәселе шешімін тапты. Басқа аудандарға да осындай ұйымдастыру жұмыстары жұғысты болса деңіз.

Әкімдер жоғарыдан нұсқау күтпей, өзі басшылық ететін ауданның аумағын дамыту, көгалдандыру, суландыру бағытындағы  шаруаларды қолға алса... Әрине, аудан басшыларының баршасы реформаторлық қарым-қабілетке ие болмас.

Десек те, облыс басшылығының тапсырмасымен аудандарда суландыру, орман шаруашылығы мәселелеріне қатысты  бесжылдық жобажоспар жасалмақ. Бүгінде бүкіл  ауданда тап осындай жоспар бар деу қиын. Өйткені сала мамандары тапшы. Оның үстіне, кей әкім­қаралардың «мұрнына» шаруашылық иісі бармайтыны, кейбірінің ауыл шаруашылығы саласынан гөрі гуманитарлық ілім-білімге  икемді  екені  жасырын  емес.

Әттеген-айлар...

«Тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек» демекші, өңірдегі жасыл-желекті жайқалтуға, сақтауға мүдделі орманшылардың бұл істе өзгелерге үлгі-өнеге болулары тиіс. Мысалға, Чапаев ауылындағы үлкен орман шаруашылығына қарасты екі қабатты кеңсенің атшаптырым аумағында бір түп бұтасын өсімдік немесе тал-терек жоқ. Аты дардай орманшылар үйінің алдына кө­шет егуге көп күш керек пе? Құдық қазып, тамшылата суару әдісімен аулаға ағаш егіп, тұрғындарға көшет таратуға не кедергі? Сонда жасыл  желекке бөленген ауылдың сәні кіре түсер еді. Бөкей ордасы ауданындағы мал баққан ағайын қысы-жазы төрт түлік малды  құмда жаяды. Білетіндер Жәңгір хан кезінде жазда құмға мал кіргізбеген деседі. Өйткені өсімдік атаулының, соның ішінде шөптің де тұқымы құмға түсіп, өсуі керек. Қазір өскен шөпті мал жеуде. Ертең шөпсіз тақырланған құмның  ауылдарға қарай жылжуы үдемей ме? Мамандар құмды өңірдің экожүйесін қайта қалпына келтіру үшін малды 2-3 жылға құмға кіргізбеген жөн деседі. Бірақ мұны ескеретін адам болсашы. Ауданда сексеуіл, шырша-қарағай егу жұмыстарына баса назар аударылса деңіз. Бір кездері Жәңгір хан еккен ағаштар деп құр күмпілдей береміз. Содан бері талай уақыт өтті. Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Хан істеген шаруаның ширегін әлі күнге ешкім қайталап, ағаш еге алмай отырғанымыз ащы да  болса  шындық.

Жылда Ресейден миллиардтаған ақшаға су сатып алып отырмыз. Сол су құйылатын Қараөзен, Сарыөзен өзендерінің бойында бірде-бір тал-терек, шөкімдей тоғай жоқтығы несі? Аптап ыстықта айдындардың суы буға айналып, рәсуа болуда. Сол өзендердің жағалауларына неге ағаш екпеске?

Ылғалды сақтау үшін де талдарақ  егілгені жақсы болар еді. Казталов ауданынан орман шаруашылығы бөлімшесі ашылып, тұқымбақ салынса, құба-құп болса-дүр. Тек мұндай мәселелерде әкімдердің белсенділігі көп рөл атқарады. Тағы бір мәселе, «Жайықтың бойы ен тоғай» демекші, өзеннің екі бетіндегі орман-тоғайдың таздың шашындай селдіреп бара жатқаны қынжылтады.

Орал – Атырау күре жолының бойындағы жасыл желектің қурап, сиықсыздануы да көңіл көншітпейді.

Жол бойындағы қураған ағаштарды кесіп, бұтасындарды отырғызу кезек күттірмейтін шаруа делік. Бәрінен бұрын техникасы сайлы, жалақысы көңілдегідей болса, орманшылар қауымы меже биігінен көрінер еді. Иә, ең бастысы, орманшы қауымды нәтижелі ең­бекке желпіндіріп жетелер нақты қолдау қажет-ақ...

Гүлбаршын  Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале