20.12.2023, 15:00
Оқылды: 20

Жақсыбайдың көшелері жарықтандырыла ма?

Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ескендір Елемесовтың төрағалығымен аталған кеңестің отырысы өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов, кеңес мүшелері мен ауыл әкімдері қатысты.

411299466_904720574990951_2464410334572665995_n

Күн тәртбінде 2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу және 2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы, соның ішінде Жәнібек ауданы, Ақоба, Борсы, Жақсыбай, Жәнібек, Күйгенкөл, Қамысты, Тау, Талов, Ұзынкөл ауылдарының бюджеттері қарастырылды.

Одан бөлек мүмкіндігі шектеулі балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау, аудандық әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселелер талқыланды.

410566447_904720658324276_1617432167737168701_n

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Руслан Сариев ҚР Бюджет Кодексінің 109-бабына сай облыс әкімдігінің 2023 жылдың 8 желтоқсанындағы №316 қаулысына сәйкес облыстық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттердің жалпы құнының өзгеруіне байланысты аудан бюджетіне өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жасады.

Сонымен қатар Руслан Әсетұлы 2024 жылы ауданның бюджеті 7 млрд 728 млн 240 мың теңге болғанын мәлімдеді. Оның ішінде субвенция 1 млрд 233 млн 355 мың теңгені, өз кірістеріміз 965 млн 124 мың теңгені, ағымдағы нысаналы трансферттер 4 млрд 402 млн 590 мың теңгені, даму трансферттер 929 млн 548 мың теңгені, бюджеттік кредиттер, яғни «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 101 млн 530 мың теңгені құрайтынын жеткізді. Ауылдық округтердің қаржысы 521 млн 967 мың теңгеге құрады. Соның ішінде өз кірістері 61 млн 303 мың теңгені құрап отыр.

412474007_904720688324273_4964855792040822875_n

Содан соң ауыл әкімдеріне кезек берілді. Олар жаңа жылда бөлінетін қаржыға тоқталды. Ауыл әкімдерінің сөзіне сүйенсек, бөлінген қаржы ауылдың дамуына айтарлықтай ықпал жасайды. Мысалы, Талов ауылының әкімі Нұрдәулет Қыдырғалиев:

 - Талов ауылдық округі бюджеті 2024 жылы – 41 млн 736 мың теңгені құрайды. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қаланың, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге 32 млн 513 мың теңге, елді мекендердің көшелерін жарықтандыруға 2 млн 200 мың теңге, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға 2 млн теңге, ауыл ішіндегі жолдарды тазалап, тегістеуге  400 мың теңге, елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыруға және су құбырларын ауыстыру жұмыстары мен электр энергиясына ақы төлеуге 4 млн 623 мың теңге қарастырылған, - деп 2024-2026 жылдарға арналған Жәнібек ауданы Талов ауылдық округі бюджетін осы көлемде бекітуге келісім беруін сұрады.

Одан кейін Жақсыбай ауылының әкімі Алмат Қаратаев бірқатар мәселені тарқатып, қаржыға көңілінің толмайтынын жеткізді.

- Мал терілерін, қалдықтар мен қоқыстарды шығару және көшелерді күтіп ұстау үшін әр ауылға қаржы қарастырылған. Неге екенін білмеймін Жақсыбайға келгенде ол қаражат көрсетілмейді. Оны былай қойғанда ауылдың ең үлкен Иманов көшесін жарықтандыру жұмысына керек 900 мың теңге 2024 жылы да ескерілмей қалып тұр. Ең үнемді нұсқамен 1,5 шақырымға сым тартып іске кіріссек ауылдың электриктері қызметімізге ақы алмаймыз деп отыр. Аудандық электр торабының қызметкерлері келіп, бір күннің ішінде бағаналарды бұзып тастайды. Бірақ бұдан жауаптылар бейхабар. Бұл ауыл ақсақалдарының өтініші еді. Өтініш жерде қалғанына біраз уақыт өтті. Саябақтың, жолды күтіп ұстаудың жұмысын айтпай-ақ қоялық. Тек көшені жарқыратып берсе екен. Онсыз да тұрғындар өз қаражатынан көшеге жол жабынын төсейді, - деді Алмат Бақытұлы.

Мұны естіген экономика және қаржы бөлімінің басшысы Руслан Сариев жобалық-сметалық құжаттың келмегенін, жақсыбайлықтардан түсетін трансферттік салықтың төленбей жатқанын алға тарта сөйледі. Дегенмен ауыл әкімі Алмат Бақытұлы жобалық-сметалық құжаттың әлдеқашан дайын болғанын, оны жылы жауып жатқан өз қателіктері екенін айтты.

- Бар шүйлігіп жатқаныңыз трансферттік салық болса, Жақсыбайда ол қаражат 300 мың теңге. Ал көлік иелері салықты көктемге дейін төлеу керек. Жарайды оған жетпей, көрсетілген салық төленсін делік. Одан әсіресе қыс мезгілінде тұрғындар алаңдайтын, 900 мың теңгені қажет ететін жарық мәселесі шешімін таба ма? – деп наразылығын білдірді.

Жиын соңында жарықтандыруға керек жобалық-сметалық құжаттың түпнұсқасын көрсетіп, барын дәлелдеді. Ендігі кезекте Жақсыбайды жарылқап, жарықтандырамыз ба?

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале