22.02.2021, 11:28
Оқылды: 62

Жақын-жуықтың амандығы қымбат

Елімізде өткен жылдың наурыз айынан басталған індет бірде бәсеңдеп, бірде күш алып, әлі күнге дейін жұртгшылықты әбігерге салып келеді. Аурудың таралуын тоқтату үшін дүниежүзі ғалымдары бастарын қатырып, тығырықтан шығар жол іздеп, зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда. Нәтиже де жоқ емес, ресейлік «Спутник-V» вакцинасы елімізге де жеткізіліп алғашқы топқа салынып та үлгерді. Дейтұрғанмен, осы ауруды жеңуге күш салып жатқанымызбен ауданымызда оның күннен күнге белең алып отырғаны жасырын емес.

коро1

Айталық, соңғы мәліметтерге назар салсақ, аудан орталығында, Ардақ, Ақшат және Ащысай ауылдарында «COVID-19» вирусын жұқтырған тұрғындардың анықталып отырғаны ешкімді де бейжай қалдырмауда. Осыған орай жуырда аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ермек Сабиров аудан жұртшылығына арнап жаңа қаулыны жариялады.

Қаулыда 16 ақпан мен 1 наурыз аралығында сақтық шараларды одан әрі күшейту, кәсіпкерлік нысандардың жұмыс жасау регламентін қысқарту, санитарлық талаптардың дұрыс орындалуын қадағалау т.б. шектеулер енгізілген.

Бас санитарлық дәрігердің хабарлауынша, ауданда жыл басынан бері коронавирустық жұқпасымен ауырған 134 науқас тіркелген. Соның ішінде тек ақпан айының 15-індегі мәлімет бойынша 74 адамда аталмыш вирус анықталып отырғандығы қынжылтарлық жайт.

Ауруды ауыздықтауға алдымен тұрғындардың салғырт, жүрдім-бардым қарауы мүмкіндік бермей отырғандығы шындық. Әлі де қала мен ауыл арасындағы лық толы көліктердің ағылуы, отбасылық басқосулардың азаймауы аурудың ушығуына алып келіп отыр. Тәртіп бәріне де ортақ болуы қажет делінгенімен, қайсыбір сауда нүктелерінде тұрғындардың бетпердесіз кіріп кетуге ұмтылып жатқандары, ескертуді ескермеуге бой алдырулары сіз бен біздің денсаулығымызға қауіп төндіріп отыр.

Індеттің алдын алу ең алдымен әркімнің өзінің сана-сезіміне келіп тірелері белгілі. Ендеше, өз басыңыздың денсаулығы, қауіпсіздігі өзіңізді толғандырмаса да айналаңыздағы ең жақын жандарыңыздың жайын бір сәтте естен шығармау қажеттігін жұртшылықтың тағы да бір мәрте есіне салғымыз келеді. Сіздің амандығыңыз – айналаңыздағы жақындарыңыздың да амандығы, ендеше санитарлық талапқа бағынайық, ағайын!

 

      Гүлім Шынтас,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Сурет 24.kz-тен алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале