16.10.2020, 10:00
Оқылды: 77

Жан шуағымен аялаған

Дариян ауылының тұрғыны Гүлбану Ермұхамбетова – ауыл орталығындағы  «Мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі» мемлекеттік мекемесінің байырғы қызметкерінің бірі. Осында еңбек еткеніне де он жылдан асқан. Денсаулығы сыр бермесе, таяу қалған зейнет жасына дейін еңбек етпек ниеті бар.

Gulbanu (1)

Жалпы, кез келген адам әлеуметтік қызметкер бола алмайды. Ол үшін адамның бойынан ізгілік пен төзімділік сынды қасиеттер табылуы тиіс. Әйтпесе, өзін де, өзгелерді де қинайды. Ал Гүлбану апайдың бойында аталмыш қасиеттер әуелден бастан-ақ бар.

Елуден асқан әлеуметтік қызметкердің күнделікті тұрмыс-тіршілігі қандай? Оның жұмыс күні ертемен дүкеннен, базардан басталады. Өйткені қамқорлығындағы қариялардың тапсырысын орындау керек. Кейде екі қолындағы ауыр жүк сөмкемен жүріп, дәріханаға «аялдама» жасауға тура келеді оған. Жастары сексеннен асқандардың созылмалы ауруға шалдықпағаны кемде-кем. Сонан соң әр үйге соғып, тамақ пісіруің, үй ішін жинап, еден жууың қажет. Рас, кейде қариялардың кейбіреуі тамақты өздері пісіріп, Гүлбану апайдың асықпай әңгімелескенін күтіп отырады. Қамқоршы жанның жанашыр сөзі мен шуақты әңгімесін аңсайды, соған көңілдері жұбанып, өмірге өкпелері басылып жатады.

Әрі жаңалықтармен бөлісіп, ақыл-кеңестер алады. Көңілдері көтеріңкі сәттерде әндетіп те қоятындары бар. Әйтеуір Гүлбану апай қамқорлығындағы алты адамның бабын қалай да табады. Нәтижесінде таңғы тоғыздан басталған оның жұмыс күні кеште саябыр табады.

Ал өзіне ше? Оған да уақыт табуы тиіс. Еңбекқор жан табады да. Себебі үйде немерелері өзі күнде көретін қариялар сияқты күтіп отырады. Өкініштісі сол, жұбайының мына жарық дүниеде жоқтығы.

Күн сайын үйіне кеште келетін ол шаңырағында да байыз тауып отыра алмайды. Сәл демалып алған соң, қамқорлығындағылардың үйіне телефон соғып, ертеңгі жұмысына тапсырыс алады. Әйтпесе оған тыныштық жоқ. Бірде-бір адам назарынан тыс қалмауы тиіс. Кейде тапсырыс алумен қатар, денсаулығы мен көңіл күйін де біліп қоюды жөн санайды. Әр әңгімесі: «Қайырлы түн тілеймін!» деген жылы сөздермен  аяқталады. Ал таң атысымен күнделікті жұмысы қайта басталады...

Gulbanu (2)

– Жұмысыма ризамын, – дейді ізгілік иесі бүгінде. – Мүмкін көп жылдан бері істеп, үйренгесін шығар. Осы орайда қамқорлығыма алынған жандар туралы айрықша айтқан дұрыс. Бәрі де жетпістен, сексеннен асқан, мейлінше байыпты да қарапайым, қайырымды жандар. Балалары алыста, Ресейде тұрады.

Гүлбану апамыз қамқорлығына алған жандардың ішінде екі мүмкіндігі шектеулі, екі тыл ардагері бар. Бәрі де соғысты басынан кешірген, бүгінгі бейбіт өмір мен бір үзім нанның қадірін жақсы біледі, қадірлей алады.

Өмір болған соң, қариялардың арасында қытымыр, мазасыз мінезділердің де бар екені құпия емес. Біреуінде ол бойға біткен мінез болса, екіншісінде ауыр тағдырдың әсерінен қалыптасқан. Оған ренжу де, өкпелеу де, қабақ шыту да қиын. Пенденің аты – пенде.Сондықтан да Гүлбану Ермұхамбетова қамқорлығындағы адамдардың шетінен жайсаң екендігіне қуанады.

Жүзінен жылылық ескен, езуінен жайдары күлкі кетпейтін қарапайым да қайсар жан бір қарағанда, еш қайғы-мұңсыз адам сияқты көрінеді. Отбасындағы тұрмыстық қиындықтар мен жұмыстағы кейбір түйткілдерге жаны қанша ауырса да, қабағына кірбің тұрмайтын Гүлбану апайға өз ісінен артық ештеңе жоқ және кәсіптік міндетіне әр кез адал.

Гүлжан Аязбаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале