2.09.2022, 9:42
Оқылды: 180

Жаңа спорт алаңы ашылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет. Спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс» деп  халықтың дене шынықтыру және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту қажеттігіне аса көңіл аударғаны белгілі.

Осы бағытта Шыңғырлау ауданы көлемінде бірқатар жұмыстар жүзеге асып жатқанын ерекше атап өтуге болады. Өткен жылы аудан орталығындағы үлкен спорт кешені мен ауылдық округтердегі бірнеше спорт алаңдары халық игілігіне қолдануға берілді.

спорт

Енді, міне, Ардақ ауылында да осындай қуанышты жағдай орын алып, шағын футбол алаңы ауыл тұрғындарына қолданысқа берілді.

спорт1
Жергілікті бюджеттен 7 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген шағын спорт алаңының құрылыс жұмыстарын мердігер «Хаир» жеке кәсіпкерлігі жүргізген. Көлемі 40-та 20 болатын алаңда жанкүйерлерге арналған орындық, жасанды төсеніш, футбол ойынына арналған қақпа, баскетбол мен волейбол ойынның құралдары, жарық шамдар орнатылыпты.

спорт3
Спорт алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы осы алаңнан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп шыға берсін дей келе, құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Келесі сөз кезегін алған қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Жұрманов жаңа спорт алаңына, сонымен қатар өңірімізде атқарылып жатқан өзге де игі істерге ауылдастары атынан шынайы алғысын білдірсе, ауыл тұрғыны Күнсұлу Сұлтанғалиева жаңа нысанның ашылуымен, Білім күні мерекесімен құттықтады.
Салтанатты шара соңында жаңа футбол алаңының лентасын аудан басшысы Әлия Биғазықызы мен ауыл тұрғыны Күнсұлу Сұлтанғалиева қиып, шашу шашылды. Ауыл өнерпаздары «Спорт» әнін әуелете шырқап, көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады. Салтанатты жиын соңы ауылдық округтерден жасақталған алты команда арасындағы футбол жарысына ұласты.

Аман Сағи,
Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале