19.01.2021, 9:44
Оқылды: 98

Жаңа жылда не өзгереді?

Жаңа жылдың басталғанына бірнеше күн ғана өтсе де елде жаңа жарлықтар мен заңдарға қол қойылып үлгерді. Аталған тәртіп қазақстандықтардың өміріне айтарлықтай өзгеріс енгізетіні анық. Өйткені өткен жылы халық арасында да, Парламент Мәжілісінде де кең талқыға түскен мәселелердің бірқатарына нүкте қойылды. Мәселен, жалпыға бірдей айлық есептік көрсеткіш 139 теңгеге өсіп, 2917 теңгеге жетті. Бұдан бөлек жәрдемақы мен зейнетақы, әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғайтылды. Ал елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңгеден өзгермеді.

 Зп

Зейнетақы мен жәрдемақы

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақыны бес жыл ішінде индексациялауға 3 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалатынын айтқан. Бұл инфляциядан қорғанудың амалы екені белгілі. Сондай-ақ зейнетақыны теңге құнының құлдырауынан екі процентке жоғарылату үшін жеткілікті.

2021 жылдың қаңтарынан бастап «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес зейнетақы мөлшері 7 процентке көтерілді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшеріне 1 689 теңге қосылып, 18 524 теңгеге жетті. Ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 43 272 теңгені құрады. Демек, бұған қосымша 4600 теңге қосылған. Бірнеше жыл бойы елде әйелдердің зейнет жасына байланысты мәселе қызу талқыланып келеді. Үкімет нәзік жандылардың жұмыс істеу қауқарын жоғары бағалап, ұзақ жылдарға арналған зейнет жасын өсіру бағдарламасын қолға алды. Былтыр қазақстандық әйелдер 59,5 жаста зейнетке шықса, ендігі жылы бұл 60 жасқа көтерілді. Жоспар бойынша көп ұзамай әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу мерзімі теңесуі тиіс. Қазақстанда ер азаматтар 63 жаста зейнетке шығады.

Биылдан бастап бірінші немесе үшінші баланың туылуына берілетін бір реттік жәрдемақы 105,5 мыңнан 110,8 мың теңгеге, төртінші және одан көп балаға 175-тен 183,7 мың теңгеге дейін өсті. Көпбалалы аналарға ай сайын берілетін жәрдемақы көлемінде де өзгеріс бар. Мәселен, бұдан былай төрт баласы бар аналар – 46 700, бес балалылар – 58 400, алты бүлдіршіні бар аналар 70 мың теңгеден сәл асатын жәрдемақы алады. Ал мемлекет тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмек төлемі өзгеріссіз қалды. Бірақ оны алатын отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыс істеуі шарт. Зейнетақы өсімі туралы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының Казталов аудандық әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі бөлімінің басшысы Эльмира Сармалаева түсінік берді.

- Казталов ауданы бойынша 2021 жылдың қақтарына зейнетақы алушылардын саны 3372 адам. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 1235, арнайы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны – 380, көпбалалы отбасы саны – 682, көпбалалы аналар саны – 731. 2021 жылы ең көп зейнетақы мөлшері 100637,00 теңгемен шектелсе, айлық есептік көрсеткіш – 2 917*46=134 182,00 теңге соның 0,75 пайызы (еңбек өтілі 35/40 жыл 01.01.1998 жылға), 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен зейнетақы мөлшері 43 272,00 теңге, базалық зейнетақы 18 524,00 теңге, барлығы 61 796,00 теңгені құрады. Ең төменгі енбекақы мөлшері 42 500,00 теңге болып отыр. Айлық есептік көрсеткіш 2 917,00 теңгеге өскен.

Жалақы жайы

2021 жылы ең төменгі жалақы мөлшері сол күйінде қалды. Соңғы рет жалақының бұл көлемі 2019 жылдың қаңтарында белгіленген. Есесіне жаңа жылдан бастап 38 мыңнан астам әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы бір жарым есеге артты. Бұл жаңалыққа, әсіресе әлеуметтік саланың негізгі персоналдары, стационарлық типтегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыс істейтін, үйде қызмет көрсетуші мамандар мен қарттарға, мүгедектерге көмек көрсететін қызметкерлер қатты қуануда. Осы мәселеге қатысты Казталов аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының басшысы түсінік берді.

– Жағымды жаңалық ауданымыздың әлеуметтік саласына үлкен қолдау болмақ. Жаңа жылдан бастап әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы республикалық бюджет есебінен бір жарым есеге артып отыр. Бұл алдағы уақытта әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттырып, кадрлардың да тұрақтауы мен орнығуына септігін тигізбек. Бүгінгі таңда әлеуметтік қызмет көресетін 49 қызметкер жұмыс жасауда, – деді сала басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында мұғалімдердің жалақысын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 пайызға көтеретіндігін мәлімдеді. Бұл үрдіс бірнеше жылға созылатынын да айта кеткен дұрыс. Сондай-ақ мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді тапсырды. Биыл 247 мыңнан астам ақхалаттының еңбекақысын арттыру үшін республикалық бюджеттен 222,3 млрд. теңге қарастырылған.

Медицина мен білім беру ісі биылдан бастап жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жарна мөлшері өсті. Өткен жылы бұл ең төменгі айлық жалақының бір процентін құраса, енді МӘМС екі есеге дейін ұлғайды. Ал кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар мен өкілеттігі тоқтаған кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 5 процентіне тең жарна төлеуі тиіс. Бұдан бөлек мемлекеттік жарналар мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 1,6 процентіне дейін өсті. 2020 жылы бұл 1,4%-ті құраған.

2021 жылдан бастап білім беру саласының басқару жүйесі өзгерді. Бұдан былай аудандық және қалалық білім бөлімдері мамандандырылған аймақтық басқармаларға есеп беріп, бағынатын болды. Қалалар мен аудандардың білім бөлімдерін басқару мен қаржыландыру да облыстық бюджетке өтті.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале