11.02.2020, 16:22
Оқылды: 202

Жаңақала аудандық ауруханасына жаңа медициналық жабдықтар берілді

Жаңақала аудандық ауруханасында «Mersedes-Bens Sprinter Classic» маркалы реанимобилі мен өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратын салтанатты түрде табыстау шарасы өтті.

janaqala bol (1)

Аудандық аурухананың жаңа медициналық жабдықтармен толыққаны тұрғындар үшін қуанышты жаңалық. Айта кетсек, «Болат Өтемұратов» қоры 58 млн. теңгені құрайтын жаңа медициналық құрал-жабдықтарды қайтарымсыз гранд есебінде берсе, оған құны 44 млн. теңге болатын Mercedes-Benz Sprinter маркалы заманауи реанимобиль мен 14 млн. теңгенің өкпені жасанды желдету аппараты (ӨЖЖ) кіреді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, «Болат Өтемұратов» қорының бағдарламалар менеджері Дана Жақсылықова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада Шүкірғалиева, аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин және аудан тұрғындары қатысты.

Серік Рахметоллұлы аудандық ауруханаға жаңа технологияның келуі халық денсаулығын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтып, ел-жұртқа амандық, дәрігерлер қызметіне сәттілік тіледі. Әрі көптің қуанышына ортақтаса келген облыс әкімінің орынбасары денсаулық сақтау саласының ардагерлері Светлана Ерғалиева мен Гүлжиян Аткешқызына мерейлі жастарына орай алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.

janaqala bol (2)

- Халық денсаулығы мен медицина саласы елімізде басты назарда. Осы игі іске «Болат Өтемұратов» қоры да үлес қосып отыр. «Burabike Fest» қайырымдылық іс-шарасы жыл сайын Ақмола облысының Щучинск-Бурабай курорттық аймағында 2013 жылдан бастап өткізіліп келеді. Сонда жиналған қаражатқа медициналық жабдық сатып алып, біз оны ел аймақтарындағы ауруханаларға сыйлаймыз. Биыл біздің қор құрылтайшылар атынан Жаңақала аудандық ауруханасына реанимобиль мен өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратын табыстауда. Алдағы уақытта аудан халқы сапалы медицналық көмек алатынына сенімдіміз,-деген «Болат Өтемұратов» қорының бағдарламалар менеджері Дана Жақсылықова аудандық аурухана директорының міндетін уақытша атқарушы Оразгүл Құбесоваға су жаңа «Mersedes-Bens Sprinter Classic» реанимобилінің кілтін табыстады.

Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин «Болат Өтемұратов» қорына аурухана ұжымы мен аудан тұрғындары атынан зор ризашылығын білдіріп, Дана Жақсылықоваға алғыс хат пен сый-сияпат ұсынды. Сондай-ақ ол аудандық аурухананың бұрынғы директоры Шыңғыс Салықұлының Жаңақаладағы қызметін жоғары бағалап, қордың қайтарымсыз грантын иеленуге қосқан елеулі еңбегі үшін алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале