16.07.2026, 11:30
Оқылды: 8

Жаңақалада қайырымдылықтың жарқын үлгісі: кәсіпкер қызметкеріне үй сыйлады

Бүгінгі қоғамда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсіл жиі айтылады. Жаңақала ауданындағы мемлекеттік қызметкерлер «Жақсылық жасайық!» қайырымдылық челленджі аясында Жаңажол ауылдық округіндегі көпбалалы отбасыға тұрғын үй сыйға тартқан еді. Осындай игі бастама жалғасын тауып, белгілі кәсіпкер Қуаныш Сапаров өзінің қарамағында бес жылға жуық адал әрі сапалы қызмет етіп келе жатқан Айбек Атабульдиевке баспана тарту етті. 

image10-21

Ол ауданымызда өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, ауылдастарының әл-ауқатын арттыруға, соның ішінде өзімен иық тіресе еңбек етіп жүрген жұмысшыларына жағдай жасауға әрдайым басымдық береді.

- Кәсіпкерліктің басты мақсаты тек табыс табу емес, айналаңа, еліңе пайдаңды тигізу деп білемін. Қарамағымда еңбек ететін қызметкерлердің әрқайсысының тағдыры маған маңызды. Олардың басында қандай да бір қиындық немесе шешілмейтін мәселе болса, қолдан келгенше көмектесуге тырысамын. Жақында осындай үлкен қадамдардың бірі ретінде ұзақ жыл бірге еңбек еткен қызметкерім Айбек пен оның жұбайы Мадинаның баспана мәселесін шешіп бердік. Олар өздеріне ұнаған үйді таңдаған соң, «сөзімде тұрып, үй алып беремін» деген уәдемді орындадым. Осы сәтте олардың отбасындағы шынайы қуанышты, көздеріндегі бақыт ұшқынын көргенде өзім де қатты толқыдым. Адамның жетістігі мен қуанышына ортақтаса білу – үлкен бақыт.

Мұндай игі істерді жасау – бір күндік сезім емес, бұрыннан көкейде жүрген асқақ ой. Өзімнің тұрмысым мен жағдайым жақсарған сайын, өзгеге қол ұшын созуды перзенттік парызым деп санадым. Себебі халықта «Жақсылық еселеніп қайтады» деген аталы сөз бар. Бүгін жасаған қайырымдылығың ертең алдыңнан ізгілік болып шығатынына кәміл сенемін. Әрине, бұл үлкен шешімді қабылдар алдында отбасыммен – жұбайыммен, ұл-қызыммен ақылдасып, олардың да толық қолдауын алдым.

Мұндай қайырымдылық істерді мен атақ жинау үшін жасамаймын. Садақа мен жақсылық міндеттелмейді, ол – тек Жаратушының разылығы үшін жасалатын дүние. Қазіргі уақыт ақпарат заманы, халық өте сауатты, кімнің ел үшін шынайы еңбек етіп жатқанын ғаламторсыз да көріп, біліп отыр. Алдағы уақытта да отбасыммен кеңесе отырып, еліміздің игілігі мен мұқтаж жандардың қуанышы үшін аянбай еңбек ете береміз, - деді кәсіпкер.

Күтпеген жерден баспаналы болған тұрғынның да, оның отбасының да қуанышында шек жоқ. Ол өзінің еңбегін осылай жоғары бағалаған басшысына шексіз алғысын білдірді.

- Қуаныш аға маған үй сыйлайтынын айтқан сәтте ерекше көңіл күйде болдым. Шынымды айтсам, алғашқы сезім – қуаныштың жасы болды. Бұл салада еңбек етіп жүргеніме төрт жылдан асты. Осы уақыт бойы отбасымызбен түрлі жалдамалы пәтерлерді жағалап, көшіп-қонып жүрдік. «Алты айдан кейін тағы көшеміз бе?» деген уайым басымыздан кетпейтін. Басшымыз бізге үлкен қамқорлық танытып, баспана алып берді, анамыз бен ел-жұрт мәре-сәре болып қуанып жатыр. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын үлкен бақытқа кенелдік.

Мен мейрамхана саласында қызмет етемін. Нәпақамызды осы жерден тауып жүрміз. Ондағы жүктелген барлық жұмысты жауапкершілікпен, талғамай атқара беремін. Күнделікті маңдай термен істеген еңбегімнің осылай жоғары бағаланып, баспанаға лайық деп танылғанына шексіз ризамын. Бұл қуаныш отбасымыздың өмірін түбегейлі жақсы жаққа өзгертті. Пәтер жалдау, баспанасыздық сияқты ең қиын өмірлік тауқыметтер мен қиындықтар артта қалды.

Өз қызметкеріне жағдай жасаған басшымыз туралы айтар болсам, оның жомарттығында шек жоқ. Тек маған емес, қасымдағы әріптестеріме де, бала-шағамызға да әрдайым қол ұшын созып, көмектесуге дайын тұрады. Өзімнің шағын отбасым бар, жұбайым екеуміз бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыз мектепке барады. Осындай кеңпейіл, жанашыр басшымыздың барына қуанамын. Кәсібіне табыс, деніне саулық тілеймін, - деді Айбек Атабульдиев.

image-16-07-26-10-21-1

«Жақсылық жерде қалмайды» дейді дана халқымыз. Еліміздің әр түкпірінде осындай жүрегі жылы, қолы ашық азаматтарымыздың игі бастамалары көбейіп, өзара жанашырлық пен қамқорлықтың алтын көпірі жалғасын таба берсе, қоғамымыз бұдан да бетер көркейе түспек. Бұл оқиға – тек бір отбасының бақыты емес, ауданымыз үшін үлкен мақтаныш. «Еңбегіне қарай – өнбегі» деген осы. Өз қызметкерін баспанамен жарылқаған Қуаныш Сапаровтың бұл мәрттігі басқа да кәсіп иелеріне үлгі болары сөзсіз.

 

Аянат Садық,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале