31.05.2021, 19:35
Оқылды: 98

Жаңақалада «Таланттар алаңы» атты шеберлік сағаты өтті

Бүгін Жаңақала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығында «Таланттар алаңы» атты іс-шара өтті. Тағылымды шара сурет өнерінің қыр-сырын үйрену мақсатында ұйымдастырылды.

1

Бала кезден суретші болуды арман еткен жас шәкірттер Диана Балбаева мен Мәден Ораз шеберлік сыныбын өткізіп, болашақ суретшілерге бағыт-бағдар берді. Қос шәкірттің туындылары бұған дейін де облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өткен байқауларда жүлделі орындарға ие болғаны белгілі.

Көрме аясында сөз алған аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Сүлейменова жылы лебізін білдірді.

2

- Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осы мекемеде сіздер тәрбиеленуші болғандықтан пандемияға байланысты бір-біріңізді көрмей, қашықтан білім алдыңыздар. Соған қарамастан ұстаздар сіздерге білім мен тәрбие беріп, өнерлеріңізді шыңдау бағытында жүйелі жұмыстанды. Бізде осыдан 10 жыл бұрын оқушымыз Талап Шерханның облыс көлемінде алғаш рет шығармашылық жинағы шыққан болатын. Одан кейін де біраз оқушыларымыз өздерінің жинақтарын шығарды. Міне, бүгін талантын елге паш еткен екі шәкіртіміз ұстазы Гүлбаршын Сапарқызының, ата-аналарының қолдауы арқасында қолөнер мен суреттен аудан көлемінде алғаш рет шеберлік сыныбын өткізіп отыр. Бұл шеберлік сағатының әсерлі болатынына сенімдімін, - деді ол.

3

Одан соң талантты жасөспірімдердің ата-аналары ұстаздарға шексіз алғысын білдірді.

Мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Бекжанқызы екі жас суретшіге және олардың ата-аналарына, сондай-ақ «Ұстазсыз шәкірт – тұл» демекші, ұстазы Гүлбаршын Сапарқызына алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

Өнерлі де дарынды шәкірттер көрермен оқушыларға сурет өнерінің қыр-сырын айтып, туындыларын таныстырды. Жиын соңында ұйымдастырушылар оқушыларға сыйлықтар таратылды.

 

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале