«Тазалық табалдырықтан басталады» - деген қағиданы берік ұстанған тұрғындар сенбілікке шығуда. Сенбілік – тек тазалық емес, табиғатқа деген құрмет. Табиғат — біздің ортақ байлығымыз. Оны таза сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз.
Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жаңақала ауылының оңтүстік бетінде орналасқан тұрмыстық қалдықтар төгетін полигон аумағына серпінді сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке ауылдың мекеме қызметкерлері ұжыммен қатысып, полиэтилен қалдықтары, пластик бөтелкелер сынды зиянды қоқыстар жиналды. Айта кетейік, былтырғы жылы полигон маңындағы барлық тұрмыстық қалдықтар жиналып, полигон ішіне төгілген болатын. Биылғы жылы да тұрғындардың полигон сыртына тұрмыстық қалдықтар, кесілген теректер, мал қорадан шыққан көң-қоқыстарды төгіп кетуі салдарынан қайта техникамен жинауды қажет етіп отыр.
Жаңақала ауылының оңтүстік беткейіне бас жоспарға сәйкес, ауылдың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жасыл желек егуге арналған қоршау жұмыстары жүргізіліп, терек егу, су кұю жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар С.Бабажанов көшесінің бойында орналасқан қоршалған жасыл желек те суарылды. Келесі аптада да сенбілік жалғасын табатын болады.
Сыйлыхан Талапұлы
Жаңақала ауданы