19.12.2019, 17:43
Оқылды: 223

Жаңақалада волейболдан ашық турнир өтті

Жақында Жаңақала ауданы орталығындағы мектеп-гимназиясының спорт залында аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен аудан спортының дамуына елеулі үлес қосқан, әрі өлкемізде 30 жылдай ұстаздық қызмет атқарған Асылбек Дәулетқалиевті еске алуға арналған волейболдан ерлер командалары арасында аудандық ашық турнир өтті. Оған Асылбек Хамзаұлының ұрпақтары қаржылай қолдау көрсетті.

janaqala (1)

Жарыста Бірлік, Жаңажол, С.Меңдешев, Көпжасар, Қызылоба ауылдық округтерінің, Жаңақала мектебі мен №3 қазақ мектебі және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командалары бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатына аудандық дербес бөлім, мекеме басшылары, турнир иесінің ұрпақтары және достары қатысты. Шарада аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы, А.Хамзаұлының ағасы Абат Хамзаұлы құттықтау сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде марқұмның досы Нұрлан Мақатов та ізгі тілегін жеткізді.

janaqala (2)

Жарыс қорытындысында ешкімге есе жібермеген аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы І орынды еншіледі. Ал, мықты волейболшылардан тұратын №3 орта білім беретін қазақ мектебінің командасы бұл жолы II орынға табан тіресе, келесі жүлделі ІІІ орын Жаңажол ауылдық округінің командасына бұйырды.

Турнирде «Үздік ойыншы» аталымын Бейімбет Есіркепов (аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі) жеңіп алса, «Үздік шабуылшы» аталымына Рай Қуанов (№3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебі), «Үздік байланыстырушы» аталымына Еркебұлан Шату (Жаңажол ауылдық округі) лайықты деп танылды.

Қысқасы, барлық  спортшылар А.Хамзаұлының ұрпақтары әзірлеген кубоктарымен, медальдарымен, арнайы дипломдарымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.

 Алтынбек Ермекқалиев

 Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале