20.08.2021, 14:42
Оқылды: 137

Жаңақалаға халық қалаулысы келді

Бүгін Жаңақала ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар барды. Бірлік ауылына арнайы ат басын бұрған депутатты «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов және ауыл әкімі Ерболат Қуанышұлы қарсылап алды.

222

Ең алдымен мәдениет үйіне барған халық қалаулысы ондағы жұмысшылармен сөйлесіп, қандай мәселе бар екендігін сұрады. Мәдениет үйінің меңгерушісі Сәуле Ғабдуллина ғимаратты таныстырды. Бірлік ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Қанапия Едресова кітап қорының толық, оқырмандардың белсенділігі жоғары екендігін жеткізді. Одан соң М.Мирманов атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне бас сұққан М.Иманқұлұлы мектептің қазіргі хал-ахуалымен, жаңа оқу жылына дайындығын білді.

- Мектебіміз жаңа оқу жылына толықтай дайын. Білім беретін ұстаздар саны түгел. Барлығы жақсы, дегенмен реті келгесін айтайын, мектебіміз толықтай күрделі жөндеуді қажет етеді. Соңғы рет 2008 жылы күрделі жөндеуден өтті. Жаңбырда 2-3 кабинеттен және спорт залдан су кетеді. Кезек күтіп тұрмыз, сол мәселені тездетуге ат салыссаңыз, - деді аталмыш мектептің директоры Жандос Ерғали.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Иманқұлұлы бұл мәселені түртіп алғандығын, алдағы уақытта қолдау болатынын айтты.

111

Одан кейін ол Бірлік ауылындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсығұл Қайырлиевтің үйіне кірді.

- Ассалаумағалейкүм, қадірлі Жақсығұл аға! Жұмыс барысымен ауыл-аймақтарды аралап жүргенбіз. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді ғой дана халқымыз. Сізге арнайы сәлем бере келдім! - деді Мәлік Иманқұлұлы.

Зейнеткер атамыз ауылдың халқына ортақ қос мәселесі ауыз су мен кірме жолды айтып, соны атқарушы билікке жеткізуін сұрап, кетер кезде батасын берді.

Түскі мезгілге таман Жаңақала ауданының орталығындағы қос пәтерлі 20 үйдің жұмыс барысымен танысқан М.Құлшар жаңадан салынып жатқан ауылішілік жолдың да жай-күйін көріп, жұмыс сапасына мән беруді баса назарға алу керектігін ескертті. Жолға жауапты мекеме мен мердігер компанияның өкілдері сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алынды.

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале