27.09.2021, 21:48
Оқылды: 133

Жаңақалалық дәрігерлер ана мен бала өмірін сақтап қалды

Мұратсайлық Ернар Сәрсенғалиевтің шаңырағында ұлы той. Дүниеге шекесі торсықтай егіз ұл дүниеге келді. Ұлы қуаныштың артында үлкен сынақ, өмір мен өлімнің арпалысы қалды. Жүкті ананың толғағы басталды. Басқа басқа емес егіз күткен ананың жағдайы ақхалаттыларды абыржытқаны да рас. Батыс Қазақстан облысының жедел медициналық станциясына қоңырау шалынады. Ауа райының  қолайсыздығына байланысты Жаңақаладағы аудандық аурухана дәрігерлері Бөкей ордасына жолданды.

0101

Хирургтар Сержан Есенгубеков пен Азамат Дияров, анестизиолог Дәурен Көкенов, анезтизиолог ассисенті Қожамберді Жұмагелдин кешкі сағат 22.00-де жолға шығып, көлік тізгіншісі Аслан есімді азаматтың шеберлігінің арқасында балшықты белуардан кешіп, түнгі 02:00-де әрең жеткен. Жеткен бойда уақыт жоғалтпастан, шаршағандарына қарамай, ота жасауға кірісіп кетті. Жас анаға кесар тілігі (кесарево сечение) сәтті жасалып, қос ұлдың өмірін сақтап қалды.

02

- Бүгін қуанып отырмыз. Кеше жанымызды шүберекке түйіп отыр едік.  Алла қолдап, жарым да, егіздерім де аман. Осы орайда Жәнібек аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Исмағұловаға шексіз алғысымды айтқым келеді. Осы кезге дейін Сәуле Мұғаятқызына қаралып келіп едік. Ботагөздің толғағы басталған сәтте облыстық перинатальдық орталық басшысы Жанна Дильмановаға хабарласып, облыстық жедел жәрдемге хабарласып, шақыртты. Таңғы алтыға дейін жақын жанашырымдай телефонмен хабарласып қолдау білдіріп  отырды. Жаңақалалық дәрігерлерге әулетімнің атынан ризашылығымды білдіремін. Алғандары алғыс болсын, әр кезде! - дейді егіздің әкесі Ернар Сәрсенғалиев.

Ернар мен Ботагөз – көпбалалы ата-ана. Екі қыз, үш ұлдың енді қос бірдей інілері бар.

03

 

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале