9.10.2020, 12:52
Оқылды: 268

Жаңақалалықтар жанайқайын жеткізді

8 қазан күні Жаңақала ауданында облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Манкеев, облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Ж.Халиуллин, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Р.Шауенов және «Қазсушар» РМК облыстық филиалы өкілдерінің қатысуымен аудандағы су тапшылығы мәселесі бойынша шаруа қожалық басшыларымен кездесу өтті.

Su (1)

Соңғы жылдары Жаңақала халқын алаңдатқан, жатса да, тұрса да, ойынан еш кетпеген мұң-қайғысы су болып отыр. Осыған орай бұқара халық атынан Біржан Айғалиев, Қанат Ешімов, Руслан Уразалиев, Талғат Байкенов, Қобылан Мұхамбетов, Әділхан Бөкенов сынды азаматтар билікке аудан үшін су тапшылығы өте өзекті мәселе екенін ашық айтып, өзен-көлдерге су келмесе,  жағдайдың мүшкіл болатынын, бұдан да қиындай түсетінін жеткізді.

Su (2)

– Сусыз малға да, жанға да қиын. Аудан аумағындағы көлдерге су әкелмей шаруа қожалықтарының да, жеке тұрғындардың да жағдайы алға баспайды. Мал азығы да арзандамайды. Неге су сатып алуға қосымша қаржы бөлмеске? Неге жеткілікті қаржы бермеске? Судың тапшылығы мал өсіруге ешқандай мүмкіндік бермей отыр, – деп алаңдайды шаруалар.

Su (3)

Шаруалардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев су мәселесі бір аудан емес, бүкіл әлем бойынша өзекті екенін тілге тиек етіп, жағдайлары күннен-күнге қиындап бара жатқан жаңақалалық шаруалардың қаузаған мәселелері өте орынды екенін мәлімдеді. Және де ол аудан халқының базынасын жоғары билікке жеткізетінін хабарлап, суға байланысты туындаған түйткілдерді шешу үшін жұмыстанатынын айтты.

Su (5)

Ашық алаңда өткен кездесуде ауданға су жеткізу мүмкіндіктерін қарастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Ақсұңқар Сәдір,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале