12.02.2021, 9:21
Оқылды: 234

«Жаназаны табыс көзіне айналдыру дұрыс емес»

Қайтыс болған адамға жаназа намазы оқылып, жер қойнына тапсырылатыны белгілі. Осы діни рәсімде біліп жүретін және ескеретін амалдар бар. Жаназа рәсіміне қатысты сұрақтарымызды Жаңақала аудандық мешіттің бас имамы Жомарт Лұқпановқа қойып, тұшымды жауап алған болатынбыз. Қалың оқырманның назарына ұсынуды жөн көрдік.

 жаназа

- Қаза болған адамның туыстары ең бірінші қандай амал жасауы керек?

- Қазақта «Жан бар жерде қаза бар» деген аталы сөз бар. Қайтыс болған адамның артында қалған туыстарының ең бірінші істейтін нәрсесі – имам іздеу. Бірақ қазіргі уақытта аудан, облыс көлемінде көп жағдайда қайтыс болған жанның туыстары имамды емес, жаназаны басқаратын адамды іздейді. Одан кейін ас мәзірін қамдап, содан кейін ғана имамға барады. Шариғат бойынша ең бірінші имам шақыртып, қайтқан адамды оң жаққа салу қажет. Оң жаққа салу дегеніміз – оң бүйірі құбылаға қарайтындай жатқызып, үстіндегі дүниелік киімдерін шешіп, денесін ақ матамен жауып қою.

- Қайтқан адамның денесін жер қойнына тапсырғанға дейін 2-3 күн өтіп кетіп жатады. Алыс-жақындағы туыстарын, құда-жекжаттарын күтіп қалады. Осыған шариғатымыз не дейді?

- Шариғат бойынша сүйек күтілмей жерленуі тиіс. Ислам дінінде 4 нәрсені асықтыру керек. Уақыты кірген намазды оқуға, жасы келген қыз баланы күйеуге беруге, алған қарызды қайтаруға және қайтыс болған адамның жаназасын шығаруға асыққан жөн.

- Қаралы жиында адамдардың сөз сөйлеуі қаншалықты дұрыс?

- Негізінде қайтқан адамның жаназасын созбаған жақсы. Сөз сөйлеу артық уақыт алатыны айтпаса да түсінікті. Сөйлеген сөздердің өмірден өткен адамға ешқандай пайдасы болмайды. Ол жерде имам жаназаның шарттарын айтып түсіндірсе, өлімді еске алатын уағыз айтса, сол көбірек пайдалы болмақ.

- Жаназа намазына қатысатындардың саны өте аз. Имам: «Жаназа намазына сапқа тұрайық» деген кезде егде жастағы ағаларымыздың өзі шегіншектеп жатады. Бұған не себеп?

- Көп адам жаназа намазына қатысудың үлкен сауап екенін жете білмейді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады: «Намаз оқылғанға дейін жаназада болған адамға – бір қырат, көмілгенге дейін болғанға – екі қырат сауап бар». «Екіқырат деген не?» – деп сұрағанға, «Екі үлкен таудай», - деп жауап қатады Пайғамбарымыз. Қайтқан адамның жаназа намазына 40 мұсылман қатысса, ол адам жәннаттық болады деген мағынадағы хадис бар. Бізде 300 адам қаралы жиынға келсе, соның он шақтысы ғана жаназа намазына қатысады. Бұл барлығымызды ойландыруы керек. Тағы бір айта кететін жайт, жаназаға қатысқан адамдардың жүзінде ешқандай мұң болмайды. Негізі жаназа, жерлеу деген нәрселер ғибрат алатын, өлімді еске алатын дүние болуы керек.

- Қабірді қазу жөнінде айтып өтсеңіз...

- Қазіргі уақытта қабірді дұрыс қазу да үлкен мәселе болып тұр. Ауданымызда, оған қарасты ауылдарда қабірлер қисық, яғни оң бүйірі құбыла бағытына қарап тұрмайтындай қазылып бара жатыр. Шариғатқа сай «құбыла бойынша түзетейік» дегенде қарсы болған үлкен кісілеріміз бар. Қабір қазылғанда мән беретін нәрсе оның тереңдігі. Біздер ағашқа дейінгі тереңдігіне мән береміз де, ағаштың астындағы тереңдігіне селқос қараймыз. Негізінде адам жататын тұсына көбірек назар салуымыз қажет. Ағаштан кейінгі тереңдік 80-90 сантиметр биік болуы керек.

- Жаназа шыққан үй қарасын, үшін және жетісіне дастарқан жайғанда ысырапшылыққа бой алдырып жатады. Осы тұрғысында не айтасыз?

- Алла тағала ысырапшылықты қатты тыйған. Себебі сырапшылар шайтанның достары боп есептеледі. Жаназа шыққан үйге қиындық тудырмас үшін бұрындары көршілері дастарқан жайған. Оның астарында қайғы түсіп жатқан үйге ауыр болмасын деген ниет жатыр. Қазіргі кезде де көрші үйлер дастарқан жаяды. Бірақ сол қаза болған үйдің есебінен ғана әзірлейді. Бұл да алаңдататын мәселенің бірі. Жаназаның дастарқаны барынша қарапайым болғаны абзал.

- Жаназаны басқаратын адамдардың белгілі мөлшерде ақы талап етулері дұрыс па? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан қадағалау бар ма?

- Алыстан келген адамдар жаназаны басқаратын адамды имам деп ойлайды. Имамдар ақша сұрайды деген түсінік осыдан туындап жатады. Жаназаны басқарғаны үшін белгілі мөлшерде ақша сұрау дұрыс емес. Қайғы боп жатқан үйден пайда көру адами тұрғыдан да құпталмайтын нәрсе ғой. Негізінде имамдар жаназа шығарғаны үшін ақы талап етпейді. Бергенін ғана алады. Бастысы, марқұмның жаназасы дұрыс шығуы. Жаназа – парыз кифая. Парыз кифая амалдарды ешкім орындамаса, онда бүкіл қоғам жауапты әрі күнәһар болады. Мысалы, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю, ілім іздеу, өнермен айналысу, куәлік ету, жаназа намазы тағы басқа амалдар. Егер бір мұсылманның жаназа намазына бірнеше мұсылман ғана қатысса, ол міндет көпшіліктің мойнынан түседі. Ал қайтыс болған мұсылманның жаназа намазына ешкім қатыспаса, онда мұсылмандардың бәрі күнәһар болады. Парыз-кифаяның сауабы орындаған адамдарға ғана тиесілі, ал оны тәрк етудің күнәсі бүкіл мұсылмандарға жүктеледі.

- Қабір басына күріш немесе бидай шашатын адамдарды жиі болмаса да байқаймыз. Осы нәрсе діннен алынған ба?

- Көп адам күріш пен бидайды шашудың мәнісін білмей жатады. Оны да ата-бабамыз тектен-текке жасаған жоқ. Кезінде аталарымыз қайтқан адамның сүйегін үйде ұстамаған. Арнайы лапас тігіп, аулаға қойған. Сол жерден жуындырып, сол жерден күзетіп, қабірге алып кететін болған. Жуындырған жерге күріш пен бидай шашып кеткен. «Неге олай жасаған?» деген заңды сұрақ туады. Ата-бабамыз көшпелі ғұмыр кешіп, жаз – жайлауда, қыс – қыстауда өмір сүргесін солай істеген. Көшіп келген басқа адамдар күріш пен бидайдың өсіп тұрғанын көріп, киіз үйлерін ол жерден қашыққа тіккен. Хабар беру мақсатында шашылған. Қазіргі кезде оны істеудің қажеттілігі жоқ.

- Зираттың құлпытасына сурет қою, зәулім етіп салу жөнінде айтып өтсеңіз.

- Құлпытасқа сурет қою құпталмайды. Оның орнына аты-жөнін ғана жазып, астына құран аяттарын жазғанның сауабы мол болмақ. Зиратты зәулім етіп салу да ысырапшылыққа алып келеді. Ысырапты дініміз құп көрмейді.

- Зиярат ету тәртібіне тоқталсаңыз?

- Қайтыс болған адамды жер қойнына тапсырар кезде қауымға құран оқып алайық дейтін адамдар бар. Бұрын қайтқан адамдарға құран оқып, дұға жасап барып жерлеу рәсіміне кіріседі. Негізінде бұл дұрыс емес. Ең бірінші қайтқан адамды жерлеу керек. Бұрын өмірден озған адамдарға құранды артынан оқыса да болады. Қабір басына барған кезде көп ретте зиярат тәртібі сақталмайды. Зират аралап кететін жандар да бар. Қабір басында темекі шегіп, дүниенің әңгімелерін айтып тұратындар да кездеседі. Ұнамсыз іс-әрекеттерді жасамау керек. Қабір басында әдеп сақтаған жөн.

- Әңгіме барысында қазылатын қабірдің құбыла бағытын дұрыстауымыз керек. Көп адам қисық жерленуде деп қалдыңыз.

- Иә, бұл мәселе аудан көлемінде бар. «Бұрын осылай жерлеп келдік, бұрынғыша қаза берейік!» деп дау айтатын ағаларымыз бар. Осылай айтып жүрген жандардың айтқанымен қазылып жерленген адамдардың қабірлері құбыла бағытына мүлдем сай келмейді. 180 градусқа бұрылып кеткен. Ертеректе жерленген мәйіттерді қарасаңыз, олар құбыла бағытына қарап тұр. Технология жоқ кездің өзінде атам қазақ құбыла бағытын шатыстырмаған, күнмен ажырата білген. Құбыла – батыс пен оңтүстіктің ортасы деп алынады. Компоспен алған кезде 204 градус болады.

- Тағы қандай діннен алынбаған амалдар бар қазіргі жаназа рәсімінде?

- Гүлден венок жасау, тиын шашу сияқты нәрселер бар. Бұлардың бірде бірі марқұмға пайда келтірмейді. Керісінше, жасаған дұғалары, бағыштаған құрандары, берген садақалары ғана пайдалы болмақ. Қайтқан адам дұғаға, құранға және садақаға мұқтаж. Осыны ескерген жөн.

Сұхбаттасқан: Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале