29.02.2024, 16:45
Оқылды: 11

Жәнібек ауданы: ауылда да спортшылар бар

Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалығымен 2023 жылдағы аудан спортының жетістіктері мен мәселелері хақында жиын өтті.

429962763_955083809954627_1384302570538872285_n

Жиынға спортқа жауапты басшылар, ауыл әкімдері, федерация төрағалары мен ауданымыздың жас спортшылары, ауыл мектептерінің дене шынықтыру пәні мұғалімдері қатысты. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев «Жәнібек» спорт клубының жемісті жылын кеңірек баяндап, мамандар жағдайына тоқталып, жетістіктерді рет-ретімен атап өтті.

- Ауданымызда 38 спорттық құрылым бар. Бір мезгілде 1414 адамды қабылдай алады. 2023 жылдың нәтижесінде ауданда спортпен жүйелі түрде айналысатын халық саны 6328 адамды, яғни аудан халқының қырық пайызын құрады. Аудан бойынша 79 спорт маманы жұмыс істейді. Оның ішінде 43-і білім беру мекемелерінің дене шынықтыру мұғалімі болса, 24-і аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы. Он екі спорт нұсқаушы «Жәнібек» спорт клубында еңбек етеді, - деді Нұрболат Мұхтарұлы.

429984833_955083896621285_8532212469034776826_n

          2023 жылы ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істелген. Көрсетілген қолдаудың нәтижесінде спортшылар облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан қанжығасы майланып оралды. Сондай-ақ Ұлттық спорт түрлерінен облыстық додада Жәнібек ауданы топтық есепте қола жүлдені еншілеген. Бұл үлкен жетістіктердің бірегейі деуге болады. Ауданымызда соңғы уақытта қазақ күресін құлашын кеңге сермеп келеді. Бұл да қуантады. Келесі сөз алған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сырым Байсов та жақсы жетістіктермен сүйіншіледі. Қазіргі таңда спорт ордасына 484 оқушы келеді. Аудандық білім беру бөлімінің спорт жөніндегі әдіскері Маркс Нұфтығали мұғалімдердің жұмысына тоқталды. Әсіресе ауылдағы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері жаңашылдыққа ұмтылып, аудан көлеміндегі сайыстарға шәкірттерін қатыстыру керектігін жеткізді. Футбол федерациясының төрағасы Жандос Уәлиев те ой қозғап, ұсыныстарын айтты. Жиын соңында Жақсылық Каримоллаұлы аудандағы спорттық шараларға ауылдардағы оқушылардың жиі қатысып тұру, оған ауыл әкімдері жағдай жасау керектігін баса айтты. Мысалы Талов ауылының спортшылары ересектердің арасындағы сайыстардың тек қана біреуіне қатысқан. Оқушыларға арналған іс-шараларға аталған ауыл мүлдем қатыспаған.

          - Ауылда да жастар бар. Неге Таловтан қоныс аудару жиілеп кетті. Басты себептердің бірі осы. Жастарға қолдау, оларды спортқа шақыру, бос уақыттарын тиімді өткізу сияқты әрекеттер болмаса, жастың барлығы қалаға ағылады. Осы жағдай Борсы, Жақсыбай ауылдарына да сабақ болсын. Ауылдардағы оқушыларды спортқа баули білейік, - деді жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов.

Ақтілек Әлібек,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале