29.01.2024, 22:00
Оқылды: 65

Жәнібек ауданы: сенім телефоны қолдауға дайын

Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалығымен кәмелеттік жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті.

20240129_150448

Аудандық прокуратураның прокуроры Арман Пазылбек пен бөлім басшылары, комиссия мүшелері қатысқан жиында суицидті болдырмау һәм осы істің жолында аудандық білім беру ұйымдары мен денсаулықты сақтау органдарындағы психологтардың қызметін жүйелеу туралы баяндалды. Сонымен қатар әдістемелік көмек көрсету бойынша атқарылған жұмыс туралы да сөз болды.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев күн тәртібіндегі өзекті мәселелер хақында ой қозғап, жүзеге асқан жауапты жұмыстарға тоқталды.
- Ауданымыздағы мектептердің психологтары «Баланың психо-эмоционалдық жағдайы» тақырыбында ата-аналарға кеңес жүргізді. Баланы қорғау және оң тәрбие мәселелеріне баса назар аударып, «Отбасы және баланы тәрбиелеу» атты ата-аналар жиналысы да жиі өтіп тұрады. Жиналыс барысында психологтар зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары жөнінде түсінік беріп, оның алдын-алуда көмек көрсететін сенім телефондарын айтады,- деді Асхат Хамитұлы.
Аудандық аурухана директорының орынбасары Ақжігіт Қалыбеков болса, қоғамды алаңдатқан суицидтің түрлерін жіктеп, жасөспірімдерді оған жеткізбеудің жолдарын түсіндіріп берді. Үш түрге бөлінетін өз-өзіне қол жұмсауға баланы итермелейтін негіз көп. Мысалы, енді ғана өсіп келе жатқан жеткіншек ата-анасына жақын болғысы келеді. Олардан қолдау күтеді яки сырын айтуға асығады. Осы орайда қазақ отбасылары бейқамдық танытады. Баласына уақыт бөлмейді, тіпті мектепте өткен бір күні туралы сұрай бермейді. Жақынынан демеу күткен жасөспірім қолдауды сырттан іздейді. Оған тағы теріс әрекет танытқан ортасы оқушының көңілін құлазытады. Содан соң зиянды заттарға әуес болып, жападан жалғыз қалады. Мұның соңы айтпаса да белгілі. Ақжігіт Жәнібекұлы ауданда өз-өзіне қол жұмсау оқиғасының тіркелгенін, жасөспірімдердің тәрбиесімен айналысуды осы қарқынмен жалғастыра беру керектігін айтты. Сондай-ақ аудандық ауруханың 21-0-26 сенім телефоны әрдайым қолдауға әзір екендігін жеткізді.

Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале