27.01.2024, 10:00
Оқылды: 9

Жәнібек ауданы: Су тасқыны кезеңінде абдырап қалмайық!

Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысы өтті. 

20240126_160417

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Берік Испенбетов азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуы туралы баяндап, көктемгі су тасқыны кезеңінде тасқын суды апатсыз өткізіп жіберуге дайындалу және аудан аумағындағы негізгі су қоймаларын толтыру, көктем мезгіліндегі лайсаңда жолдардың бүлінуіне жол бермеу жұмыстарына тоқталды.

- Ағымдағы жылдың 14 қаңтар күні аудан әкімімен ауданымыздағы 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде аудан тұрғындары мен аумағын қорғау жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар туралы өкім қабылданды. Аталған өкіммен «Тасқын суға қарсы күрес ұйымдастыру жөніндегі аудандық штаб» құрылып, аудан аумағында 2024 жылғы су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жәнібек ауданы бойынша 9 ауылдық округ орталығы және 18 елді мекен бар. Соның ішінде алты ауылды су басу қаупі жоғары. Олар Талов, Жақсыбай, Борсы, Қамысты, Тау, Жасқайрат ауылдары,- деді ол өз сөзінде.

20240126_160442

Сонымен қатар комиссия отырысында «Қазсушар» РМК аудандық пайдалану учаскесінің басшысы Нұрлан Жүнісов аудандағы гидротехникалық құрылыстарының жай-күйін, жөндеу және қауіпсіз пайдалану жөнінде тарқатты. Нұрлан Жүнісұлының айтуынша, көктемгі су тасқынын алдын алу бойынша пайдалану учаскесі тарапынан су арналарының және гидротехникалық құрылғылардың жағдайы тексеріліп, ашылып һәм жабылып, қалыпты жағдайда тұр. Жиынға ауыл әкімдері қашықтықтан қосылып, өз пікірлерін ортаға салды. Жақсылық Каримоллаұлы әлі де жұмыстануды талап ететін іске салғырт қарамауға шақырып, комиссия отырысын қортындылады.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале