4.08.2020, 18:05
Оқылды: 92

Жәнібек-Талов-Кіші өзен автожолы орташа жөнделуде

Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғали Есқалиев автожолдар құрылысымен танысты.

E2E40B52-CAEA-40DA-B225-4B7B21D348D1

Аудан орталығындағы ауылішілік жолды жөндеуді «Qonyr Servis - BQO» ЖШС мамыр айында қолға алған. Абай көшесі автожолын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 97,5 миллион теңге бөлінген. «Qonyr Servis - BQO» жолды екі ай ішінде жөндеуі тиіс еді. Облыс әкімінің сұрағына жауап берген серіктестік басшысы Мирболат Танкешев жобалау жұмысында әуел бастан қателік кеткенін, соған байланысты құжатқа түзету енгізіліп жатқанын, осыдан соң күрделі жөндеуді аяқтайтынын айтты. «Qonyr Servis - BQO»  жол құрылысына мердігер ретінде алғаш қатысып отыр. Техникаларды да басқа компаниядан жалға алған. «Мердігерлер өз ісіне тиянақты болуы тиіс. Автожолды жөндеуді сәтті аяқтасаң ғана зор сенімге ие болып, басқа да мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыса аласыз. Бюджет қаражатын орнықты жарату қажет», – деді облыс әкім Ғали Есқалиев.

1B53DEAE-8A35-409B-B66B-9FDB57E47D65

Облыс басшысы Жәнібек-Талов-Кіші өзен (02-27) жолының орташа жөндеу жұмысымен танысты. Бұл жобаға  республикалық бюджеттен 1 миллиард 338 миллион теңге бөлінген. Бас мердігер – «РСУ-1» ЖШС. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың айтуынша, жол құрылысына «Ақтөбе Жарық» ЖШС қосалқы мердігер болып бекіпті. Құрылысты жүргізуге мердігерлердің техникалық базасы сақадай сай. Қазіргі кезде жолдың 12 шақырымына қиыршық тас төселуде. Жыл соңына дейін автожол бөлігі асфальтталуы тиіс. Жалпы орташа жөндеу жұмысы 2021 жылдың қазан айына дейін жүргізіледі. Облыс әкімі Ғали Есқалиев құрылыс учаскесіне асфальт материалын жеткізу мәселесін жұмыс тобымен талқылады.

705BBA1C-264D-497B-9394-ECA90F94D195

Сонымен қатар облыс әкімі құрылыс жұмысына қосалқы мердігер тартуды құптамайтынын, сметалық есепке сай бөлінген қаражат үнеммен жұмсалу керектігін айтты.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале