19.12.2019, 12:18
Оқылды: 371

Жаныңда жүр жақсы адам

Жомарттық – жүректен. Көптің алдында жақсылық жасап, кәсібінен тапқан нәсібін ауылдас ағайындарымен бөлісіп, тұрғындарға қолұшын созып, бір-бірін демеп жүрген атымтай азаматтар Сырым ауданының Алғабас ауылында баршылық. Солардың бірі – жеке кәсіпкерлер, «Айша» дүкенінің иелері Ерлан-Айгүл Жұмағұловтар.Тұрғындардың айтуынша, олар Құрбан айт, Ораза айт кезінде  ауылдағы көмекке зәру деген отбасыларды аралап, дорба-дорба азық-түліктітегін жеткізіп береді екен.  Ерлан мен Айгүлдің шарапатын көріп жүрген жандардың бірі –Хазина Шалқаева.

"Айша" дүкенінде

"Айша" дүкенінде

 –  Жалғызбасты анамын. Ерлан мен Айгүл жағдайыма үнемі қарасып, көмектесіп тұрады. Қазір қолыма қызым мен үш жиенім келді.  Кішкентай жиендеріме де көңіл бөлуді ұмытпайды. Үйім апатты жағдайда. Ауыл азаматтары болып үйімнің жағдайын мәселе етіп көтеріп, құжат жағынан да қолұшын созуда, –дейді ол ерлі-зайыпты Жұмағұловтар туралы.

Ерлан-Айгүл Жұмағұловтар дүкеннің жұмысын 2002 жылы бастапты. Төрт баланы өмірге әкелген, үлкен қызы мен ұлын  аяқтандырды, үшіншісі –студент, кенжесі– оқушы.

–  Ауылда ағайынды Серік, Берік Бекебасовтар, Бекболат Құзайыров, Гүлзада Өтеғалиева, Гүлнар Белхайырова, басқа да кәсіпкерлер  ел дегенде ет жүректері елжіреп, көмекке дайын тұрады. Біз көбіне ауылдық мәдениет үйімен тығыз байланыстамыз. Мәдени шараларға демеушілік көрсетіп келеміз. Балалар күнінде ауыл кәсіпкерлері болып бүлдіршіндерге ойыншықтар тараттық. Бір ауылда түтінімізді түтетіп отырған соң, жағдайым жақсы екен деп басқаны ұмыта алмаймыз. Әрқайсысымыз қал-қадірімізше жәрдемдесеміз. Айына бір отбасына қолұшын  созып тұрамыз, –дейді Айгүл.

Жұмағұловтар «Мектепке жол» акциясымен бір оқушыны 50 мыңға киіндіріп, оқу құралдарымен қамтыпты. Бүгінде ұлдары Мержан Габлахат жеке қожалық ашып, мал бағумен шұғылдануды жоспарлап жүр.

 Мал, егін шаруашылығын қолға алған «Миллат» шаруа қожалығының жетекшісі, «Дина» дүкенінің иесі Миллат Қадыралин мен жұбайы Гүлзада Өтеғалиевада алғабастықтарға жақсылықтарымен танылған. Ас беру рәсімдерінде, діни мейрамдарда азық-түлікпен демеушілік етіп келеді. 2003 жылы ұсақ-түйек тауар сатуды бастаған  олар  2008 жылы «Дина» дүкенін ашады. Бүгінде сауда орнында азық-түлікпен қатар киім-кешек сатылады.

Гүлзада Өтеғалиева

Гүлзада Өтеғалиева

Миллат пен Гүлзада бір ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді. Гүлзада Өтеғалиеваның жомарттығы тек  азық-түлікпен көмектесумен шектелмейді. Ол сонымен қоса жолаушыны жолда қалдырмайтын жүргізуші де. 2002 жылы көлік тізгінін ұстаған Гүлзада Өтеғалиева алғашында табыс табу үшін такси жүргізушісі болыпты. Қаладан тауарды көлігімен өзі тасыған Гүлзада ханым жолбойында кездескен жолаушыны немесе ауыл тұрғындарын діттеген жеріне жеткізуден тартынған емес.

Алғабастық ағайындарға малдай, еттей, ақшалай көмек қолын созып жүрген азамат – «Жамбыл» шаруа қожалығының жетекшісі Бекболат Құзайыров.  Адал ақы, маңдай терімен тапқанын бөлісіп келетін ол биыл 5 ірі қара, 20-ның үстіндегі қойын мұқтаж жандарға, аяқ астынан қазалы болған үйлерге берген. Алматы облысында су тасқыны болған кезде көмек ретінде 3 қой тиеп жіберіпті. Табыстың артылғанын елге таратуды әдетке айналдырған. Ауыл тұрғындарының қиналғанын көре тұра әрекетсіз отыруды жөн көрмейтін Бекболат Құзайыров ел үшін еңбекетіп отырғанын айтады. Оның зайыбы Анарида да ауылдан киім дүкенінашып, халықтыңсұранысын қамтып отыр.

17b7447b-1de5-4ea1-8519-ff7386f5a15b

Бекболат Құзайыров

Самара-Шымкент халықаралық маңызы бар тас жолының бойында, Алғабас ауылына кіреберісте орналасқан «Қынық» асханасының иесі, «Нұрсана» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлнар Белхайырова да – алғабастың қолы ашық кәсіпкерлерінің бірі. Ауылдағы мүмкіндігі шектеулі балалардың туған күндерін ұйымдастыру, түрлі шараларға демеушілік етуде көрініп келеді.

Асхананың жұмысы аяғынан тұрып кете алмаған қиын жылдарда да Гүлнар ханым жомарттық жасаудан қол үзбеді. Балаларыжылда ауылдағы Жаңа жыл кешінетегін шырша әкеліп береді екен.  Гүлнар апа кәсібін 2008 жылы үйден нан пісіріп сатудан бастаған.  Алғашында күніне 24, кейін 48 нан пісіріп жүреді. Кейін арнайы пеш сатып алып, күніне 250-300 нан пісіретін жағдайға жетті. Гүлнар Белхайырова бас пайданы көздемей, алдымен халыққа жақсылық, жылулық сыйлағанды жақсы көретінін айтады.

Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Аменов ауылдағы атымтайлар туралы:

 –  Ауылда өткен қандай шара болса да шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер барынша қолұшын созып, көмектесіп жатады. Оның сыртында қарапайым отбасыларға қайырымдылық айлығында, ораза, Құрбан айт кездерінде зекет ретінде ірі қараларына дейін беріп жатады. Кейбірі азық-түлікпен, отындай, шөптей жәрдем береді. Алайда олар, игі істерін жария қылуға емес, ауылдастарын қолдап, қолтығынан демеу үшін жасайды. Серік, Берік Бекебасовтар, Айгүл Бақтиярова, Гүлзада Өтеғалиева, Ерік Ибрагимов,  Еркін Ажгерееев, Баян Дүйсенбаев, Нұрлыбек Бекчурин, Қаржау Жаледденов, Ерлан, Аслан Мағзомовтар,Орынбай Оразғалиев,  Елемес Жаңабергенов, Әренжан Мәрабаев, Сырым Белхайыров сынды азаматтар – мәрттігімен ел аузында мақтаулы жандар.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Алғабас ауылына Мақсот Берген «Стрит Воркаут» салды. Өзі басшылық ететін медициналық колледжге үш балаға грант тағайындады. Келер жылы ауылға кіреберіске «Алғабас ауылы» деген белгі орнатуды жоспарлап отыр. 1967 жылы туған азаматтар волейбол алаңын салып, алтыбақан құрып берді. 1982 жылғы мектеп түлектері мектептің кітапханасына стеллаждар сыйлады.

«Мектепке жол» акциясы аясында 27 оқушыға  264 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Болат Берікқалиев шөппен, отынмен қолұшын созды. Фатхолла Мәди қолында малы жоқ отбасыларға ұсақ малдан таратып, үлестірді, кейбір үйлерге шөп те түсіріп берді. Бершінбай Садықов, Жұмабай Хасанов, Дархан Ғұбашев, Армат Өтешов сынды азаматтар Жаңаөңір елді мекені тұрғындарын жолда ешқашан қалдырған емес. Аяқасты көлік қажет болатын жағдайлардың бәрінің оңтайлы шешілуіне осы азаматтар себепкер болуда, –дейді.

Алғабас ауылында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыстанып жүрген Света Наурызғалиева да ақ жүректі, кеңпейілді жандардың бірі. Оның қарауына төрт бала бар. Света апай тек өзінің қарауындағы ғана емес, ауылдағы барлық мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмайды. Түрлі мәдени, спорттық байқауларға үнемі үміткерлер апарады. Облыстық «Аруана» атты мүмкіндігі шектеулі балалар аналарының сайысына қатысқан Жанатбек Жүсіптің анасы Фарида Қалешова бас жүлде алып келді. Орынбай Оразғалиев, Елемес Жаңабергенов ауданнан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бас жүлде алып, облыстық кезеңге қатысты. Нұрберген Ғалымжан, Шынар Алмишева, Ералы Болат, Аманбай Хамидуллиндер де түрлі байқауларда көзге түсуде. Олардың ортаға бейімделіп, өнерлерін көрсетуіне  Света Наурызғалиева жетекшілік етуде.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале