1.06.2022, 19:48
Оқылды: 44

Жәрмеңке жалғасын табады

Жуырда Тасқала ауданы орталығындағы базарда құс балапандары қолжетімді бағамен сатылды. Сонымен қатар өсімдіктер мен гүлдердің әр түрінен әзірленген тұқымдар базардан табылып, халықтың керегіне жаратылды.

жәрмеңке (2)

"Құс жәрмеңкесін ұйымдастыру ауданымызда дәстүрге айналды. Тұрғындар да осы күнді күтіп жүретін болған. «Дана» жеке кәсіпкерлігі мен «Инесса» жеке кәсіпкерлігіне көп рахметімізді айтамыз. Ауыл тұрғындары өздеріне қажетті құс балапандарын сатып алып, өсіруде. Бұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Тек қана құс балапандары емес, сонымен қатар жеміс ағаштары мен ауыл шаруашылық өнімдерінің де жәрмеңкесін ұйымдастыратын боламыз. Бәрі де ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан игі істер екендігін атап өткіміз келеді. Құс балапандарын қаладан барып алатын болса біршама шығынға батады. Сол себептен аталмыш кәсіпкерлерді аудан орталығына алдырып отырмыз", - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Самиғолла Шукуров.

жәрмеңке 0

Өткен аптада хабарлағанымыздай, құс балапандары сатылымға шығарылып, ауыл тұрғындары бірін қалдырмай алып кеткен болатын. Тасқалалықтар осы жолы да іздегенін орталық базардан тапты. Екі жүз дана үйректің балапаны мен 200 дана қаздың балапаны өз иелеріне жөнелтілді. Жетпіс дана мулар мен 50 дана тауықты да сатып алып жатты. Жиырма дана үлкен үйрек пен 30 дана бройлер құсы қолжетімді бағамен тұрғындарға ұсынылды. «Дана» жеке кәсіпкерлігі аталмыш құс балапандарын әкелсе, «Инесса» жеке кәсіпкерлігі өсімдіктер мен гүлдерді базарға шығарып, халыққа ұсынды.

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале