7.04.2021, 17:19
Оқылды: 408

Жас ұрпақ үлгі алар тұлға

Шыңғырлаудағы менімен қатарлас жігіттердің ішінде Абат Мағажанұлын танымайтыны кемде-кем. Өйткені кезінде жастарды әскери борышын өтеуге аттандырған осы кісі болатын. Барлығының айтатыны: «Ол өте қатал, қылтың-сылтыңды көтермейтін және түрлі сылтау айтып, әскерден құтылып кеткісі келетіндерді жақтырмайды, тентектер мен ерке-шолжаңдарды тез жөнге салатын қатал жан».  

F225C1EA-D9F7-4E5C-A1F2-7910B7F1F605

Абат Мағажанұлының бұл әрекеттері жас жеткіншекті тәртіпке бағынуға, өз-өзін ұстай білуге үйрету екенін барлығы да түптің-түбінде ұғатыны анық.

Осындай әңгімелерді ести жүріп, ол кісіні шынында өте қатал «Күлмесхан» ретінде елестеткенім рас-тұғын. Бірақ Абат Мағажанұлымен бірге жұмыстас болған 1-2 жылдың ішінде ол кісінің қаталдық, талапшылдығымен қатар, білікті басшы, жақсы психолог және жас ұрпақ үлгі аларлық тұлға екеніне көзім жетті.

Абат Дүйсембиев 1975 жылы Шыңғырлау ауылында туған. Осы жерде мектеп, кейін училищені аяқтап, 1993 жылы мерзімді әскери қызметін өтеуге әскерге аттанады.

Әскери өмірін қатардағы жауынгер болып бастаған ол қазіргі уақытта аға офицерлік шенде қорғаныс саласында қызмет етуде. Бүкіл өмірін жергілікті әскери басқару органдары саласына арнаған жігіт ағасы өз мамандығын бес саусағындай біледі десем артық айтқандығым емес. Талай толқынды мерзімді әскери қызметке жөнелтіп, талай толқынды шыңдалған шымыр сарбаздар ретінде кейін қабылдады. Өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие сабақтарын тәжірибе жүзінде бере алатын бірегей азамат. Өйткені бұл кісі әйгілі Қазақстан Республикасы Ішкі әскерінің 7-жиынтық ротасы құрамында 1995 жылғы 7 сәуірдегі тәжік-ауған шекарасындағы Пшихавр шатқалында болған кескілескен ұрысқа қатысып, оқ пен оттың арасынан өткен сыралғы сарбаз болатын.  

1995 жылғы 7 сәуір оқиғасы туралы көптеген мақалалар жазылды, көптеген әңгімелер де айтылды, тіпті «Казбат» атты көркем фильм де түсірілді. Осы оқиғаға қатысқан, жалпы тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген азаматтарды нағыз ержүрек, батыл жігіттер деп айтуға толық негіз бар. Ауғанстаннан ағылған есірткіге тосқауыл болып, өлкедегі тыныштықты сақтауға атсалысқан ағаларымыз батылдықтың үлгісін көрсете білді. Пшихавр шатқалындағы шайқас туралы Абат Мағажанұлы да ашылып айта бермейтін. Негізгі мамандығым тарихшы болған соң да маған сол оқиға куәгерінің өз аузынан естуге құмартқаным рас. Осы қызығушылығымды сезген болуы керек, бір күні кабинетіне шақырып алып, оқиға туралы еш бүкпесіз баяндап берді.  

Тар тау шатқалында биіктен бағытталған оқыстан күтпеген шабуылға тап болған құрама әскердің жанталаса қорғануы, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі мен қарулас жолдастарының қазасы, жаралану және жараланған басқа да сарбаздарды қарша борап жауған оқтан қалқан болған көпірге қарай тасу, оққа оқпен жауап беріп қарсыласу, көмекке келген әскердің рух беруі, госпитальдегі күндер менің де көз алдымнан фильмдегідей тізбектеліп өте берді.  

Әрбір адам өзіне-өзі «қазіргі тәжірибеммен өткенге қайта оралсам өзгеше әрекет етер едім» деп ойлайтыны шындық қой. Сол секілді Абат Мағажанұлына да қарулас достарынан айрылудың ауыр тигені анық.  

Батыр жерлесіміз, ауданымыздың мақтан тұтар азаматы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмоновтың қолынан «За отличие воинской службы» медалін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін иемденген.

А.Дүйсембиев мерзімді әскери қызметтен оралған соң, әскери комиссариатқа жұмысқа орналасады. Жергілікті әскери басқару органдарындағы қызметтің барлық сатысынан өткен азамат (қарапайым қызметкерден бөлім бастығына дейінгі) Шыңғырлау, Бөрлі, Қаратөбе аудандарындағы қорғаныс бөлімдерінде және Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында еңбек етті. Қазіргі уақытта майор А.Дүйсембиев Сырым ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы лауазымында қызмет атқаруда. Өзі еңбек еткен жасақтау (әскерге шақырту) және жұмылдыру бөлімшелері жеке құрамы арасында абырой-беделі зор тұлға. Біз оны қолы ашық, жомарт жан ретінде және мұқтаж жандарға көмек қолын соза алатын мейірімді адам ретінде білеміз. Мен де осындай азаматпен бірге жұмыстас болғанымды мақтаныш санаймын.

Т. Мамбетов,

Шыңғырлау аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің инспекторы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале