21.07.2022, 12:30
Оқылды: 66

Жасөспірімді аман алып қалды

Жуырда Whatsapp-тағы Ақжайық ауданы орталығы тұрғындарының басын біріктірген топтардың бірінде мына хабарламаны көзіміз шалды. «Трассадағы каналға бала батып кете жаздады. Кішкентай балалар үлкендерсіз өздері жүр екен. Ерік деген жігіт құтқарып қалды» делінген қысқа хабарламада. Баланың ажалдан сақтап қалған жігітпен редакция тілшісі хабарласты.

IMG_8467

Бұл оқиға өткен жұма күні болған. Орал-Атырау тасжолының ауыл тұсындағы «Ақ дастарқан» асханасының маңындағы суарнасы тұрақты суға шомылу орнына айналып кеткелі қашан?! Чапаевтық 29 жастағы Ерік Дәулетжан кеш құрым сол жерге әдетінше шомылуға барған екен. Сол уақытта онымен бірге жас екі бала да болыпты.

– Суға енді түскен бойым сол еді, жаңа екеудің біреуінің батып бара жатқанын байқадым. Еш ойланбастан,солайға қарай жүздім. Қасындағы балаға «Көмекке шақыр» деп айқайлап үлгердім тек. Жасөспірімнің бойы менен ұзын болғасын, жағаға алып шығу оңай болмады. Өзім әлсіреп, күшім кетіп қалды. Әйтеуір сүйрей алмасымды білгесін, аяғыммен итеріп, әйтүп-бүйтіп жағаға іліктірдім, – дейді Ерік.

Кейін белгілі болғандай, ауылдасымыз ауылға қыдырып келген, 11-сыныпта оқитын жасөспірімді құтқарыпты. Жүзу білмейтін жас екен.

– Ауа қармап, біресе батып, біресе шығып жатқан оны құтқара алмай, көзімше ажал құша ма деп қатты қорықтым. Осындай жағдай екінші рет болып тұр. Студент кезімде  Жайыққа батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып едім. Қасымда достарым болатын, – дейді ол.

Адамның өмірі үшін көмекке ұмтылған Ерік Дәулетжан аудандық туризм орталығында күзетші болып еңбек етеді. Ал аман қалған жасөспірім – Тайпақ ауылынан.

Суға түсу маусымында қауіпсіздік ережесін естен шығарып алып жатамыз. Соңғы уақытта елімізде қайғылы хабарлар немесе су-оттан аман қалғаны туралы ақпарларды әлеуметтік желіден жиі оқып, теледидардан көреміз.Сол неге сабақ болмайды? Енді өсіп қалды деген баламыздан қапыда айырып қалмайық, ағайын.

Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале