2.05.2024, 18:00
Оқылды: 18

Жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы екпе енгізіледі

21-27 сәуір аралығында Еуропалық иммундау аптасы өтті. Ауданда апталыққа байланысты бірқатар жұмыстар атқарылды. Иммундау аптасының мақсаты – халықтың арасында маңыздылығы туралы хабардар етіп, ақпарат беру. Вакцинаның көптеген адамдардың жұқпалы аурумен ауыруының және оның асқынуының, өлім-жітім жағдайларының алдын алуда маңызы зор.

Medical disposable syringe for vaccine injection and glass vial on blue blur background.

Фото: www.istockphoto.com

Бүгінде  ауданда 173 бала екпеден бас тартып отыр. Эпидемиологиялық ахуалға  келсек, 2024 жылы 9 қызылша жұқпасы тіркелген болса, соның ішінде 80 пайызы – қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Иммундау аптасының аясында денсаулығына байланысты немесе екпеден бас тарту, басқа да себептермен екпе алмаған тұрғындарды, балаларды екпемен қамту ұйымдастырылды.

– Қазақстанда Республикасы Үкіметінің №612 қаулысымен бекітілген профилактикалық екпелердің күнтізбесіне байланысты тұрғындар мен балалар дифтерияға, сіреспеге, көкжөтелге, қызылшаға, полиемиелитке, гемофилді инфекцияға, А, В гепатиттеріне, басқа көптеген жұқпалы  ауруларға қарсы екпелер алды. Иммундау аптасында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті мерзімде күнтізбеге сәйкес екпелерін алуға атсалысуға шақырдық. Екпе егу аптасында 87 бала екпе алды. Үстіміздегі жылдың  қыркүйек айында елімізде 11 жастағы қыз балаларды адам папилломасына қарсы екпелеу жоспарланып, ұлттық күнтізбеге енгізілді. Ата-аналарға вакцинаның маңыздылығын ұғынып, тиісті дәрігерлік амбулаторияларға, медициналық ұйымдарға келіп, балаларға екпе салдыруларын сұраймыз, - дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқанова.

Аудандық аурухананың директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Миргүл Сарғозиеваның айтуынша, аудандық аурухана Еуропалық иммундау апталығына орай іс-шараларын жүргізді.

– Қызылша ауруымен ауданда 9 жағдай тіркелсе, оның 6-ауы балалар, 3-еуі ересектер. Алты баланың бесеуі – бір үйден, екпе алмаған балалар. Ата-ана баласына екпе салдыртса, мұндай қауіпті жұқпалардың алдын алуға болар еді. Аудандық ауруханада вакцина жеткілікті. Мамандар арнайы оқытылды. Қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыз балаларға адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация енгізіледі. Бұл – еліміздегі медицина үшін жақсы жетістік, үлкен қуаныш. Мұндай екпе жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуда әлемдік тәжірибеде 20 жылдан астам қолданылып келеді. Әйелдер арасында жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтау үшін скрининг жүргізілгенімен, аурушаңдық азаймай, әлі де тіркеліп жатыр. Осы адам папилломасы вирусына қарсы екпе арқасында қыз балаларды жаман аурудан қорғап, аурушаңдықты жеңеміз деп сенеміз, - дейді Миргүл Серікқызы.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале