2.11.2022, 10:00
Оқылды: 118

Жер учаскесін ұзақ мерзімге жалға алудың жолы қандай?

Жер ресурстары - елдің негізгі табиғи байлығы, әрі экономикалық және әлеуметтік игілігінің негізі. Сонымен қатар жер – ауылшаруашылық өндірісінің басты құралы болып табылады. Ауыл шаруашылығын ел экономикасының елеулі секторы деп қарастырар болсақ, онда осы саладағы жер қатынастарын заңнамаға сай реттеп отыру бүгінгі күннің басты талабы болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық» деген болатын. Мал шаруашылығымен айналысуға ниетті ауыл азаматтары өз кәсібін бастау үшін ең алдымен белгілі бір жер учаскесіне құқықты иеленуі қажет. Бұл тұрғыда қарапайым халық жер учаскесін ұзақ мерзімге жалға алудың қағидалары мен қадамдарын білмегендіктен немесе оны алудың машақаты көп деген оймен бастапқы ниетінен тосылып, көп жағдайда кәсіп бастау тәуекелін жасай алмай жатады. Газет оқырмандарының және ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасап жүрген азаматтардың сұранысы бойынша ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін жер учаскесін конкурстық негізде алу, құжаттарды дұрыс рәсімдеу және толтыру тәртібі жайында жазуды жөн көрдік. Осы орайда, Казталов аудандық жер қатынастары бөліміне барып төмендегі сұрақтарға жауап алдық.

ed5ba9739617c63617e39c26cc563c10_original.2375633

Жер учаскесін беру қандай заңнамаларға сүйене отырып жүргізіледі?

Мемлекеттік меншіктегі пайдалануға берілмеген жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1 бабына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген «Шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру туралы» қағидаға сәйкес жүзеге асырылады.

Конкурстық өтінім деген не? Ол құжатта қандай мәліметтер

қамтылуы тиіс?

Жер учаскесін жалға алуға ниетті азамат немесе заңды тұлға конкурсқа қатысу үшін өтінім береді. Конкурсқа қатысу үшін берілген өтінімде заңды тұлғалары үшін – заңды тұлғаның атауы, оның тұрған жері, мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі), жарғылық капиталдағы үлестерінің мөлшері, заңды тұлғаның басшылары мен қатысушылары немесе акционерлері, үлестес тұлғалары туралы мәліметтер көрсетілсе, жеке тұлғалар үшін – өтінім берушінің тегі, аты және әкесінің аты тұрғылықты жері, азаматтығы, жеке сәйкестендіру нөмірі, өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтер көрсетіледі. Сонымен қатар аталған өтінімде өтінім беруші үміттеніп отырған жер учаскесінің орналасқан жері мен конкурстық ұсыныс қоса берілуі қажет. Егер өтінім беруші конкурстың жеңімпазы деп танылса, онда ол жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартына қол қою қажеттігі туралы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде көрсетілген шартты жасасуы қажет болады. Конкурстық өтінімде осы жағдай жөнінде жазылған «Міндеттемеде» қамтылуға тиіс. Тағы бір айта кететін жайт, егер өтінім берушінің өзі болмаған жағдайда конкурсқа қатысуға өтінімді жеке тұлғаның немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаның уәкілетті өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсімделген сенімхаттың негізінде ұсына алады.

Конкурстық өтінімдерді қабылдау уақытына байланысты

шектеулер барма?

Жергілікті атқарушы органдар конкурсты өткізу туралы хабарламаны алғаш рет жарияланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң, ал конкурс қайта өткізілген жағдайда – күнтізбелік он бес күн өткен соң конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді қабылдауды бастайды. Өтінімдерді қабылдау және тіркеу қабылдау басталған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде, ал конкурс қайта өткізілген жағдайда - он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Конкурсқа қатысуға арналған өтінім қағаз тасығышта, қолма-қол не пошта арқылы немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы беріледі. "Электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы берілген өтінім жергілікті атқарушы органдарының электрондық құжат айналымы арқылы түседі.

Конкурстық ұсыныста не жазылуы тиіс?

Конкурстық ұсыныста бизнес жоспар және түрлі міндеттемелер қамтылады. Болашақ кәсіпкер өзінің бизнес-жоспарында инвестициялардың болжамды көлемі, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру алаңдары, ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы және қолданылатын агротехнологиялар туралы мәліметтерді көрсетуі керек. Бизнес-жоспарда  ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандарды жұмысқа тарту мен ашылатын жұмыс орындарының саны жөніндегі ақпараттар да қамтылғаны дұрыс. Шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту іс-шараларын орындау жөніндегі, сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану, Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын орындау, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау, ғылыми негізделген агротехнологияларды, фитосанитариялық және карантиндік талаптарды сақтау жөніндегі міндеттемелер қамтылуға тиіс.

Конкурстық ұсынысты қағаз тасымалдағышта ұсыну тәртібі

Конкурстық ұсынысты «Электрондық үкімет» веб-порталымен ғана емес қағаз түрінде қолма-қол ұсынуға да болады. Ондай жағдайда  конкурстық ұсыныс беттері нөмірленіп, тігілген түрде мөрленген немесе өшірілмейтін сиямен жазылған жабық конвертте беріледі, конкурстық ұсыныстың соңғы беті жеке тұлғалар үшін - қатысушының қолымен және заңды тұлғалар үшін - бірінші басшының қолымен және мөрімен (бар болса) куәландырылады.

Өтінімде және конкурстық ұсыныста қатысушыға грамматикалық және арифметикалық қателерді түзету қажет болған жағдайларды қоспағанда, жолдар арасында ешқандай кірістірмелер, өшірулер немесе қосып жазулар болмауы тиіс. Конкурстық ұсыныстың жабық конвертінде "шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс" және " жылғы ___"__ " дейін ашуға болмайды" (ашудың нақты күні көрсетіледі) деген сөздер жазылады. Жер кодексінің 43-1-бабы 9-тармағына сәйкес жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмейтін конкурстық ұсыныстар конкурсқа жіберілмейді және конкурсқа қатысуға арналған өтінімнен бас тартылады.

Өтінімдерге өзгерту енгізуге бола ма?

Қатысушы өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі аяқталғанға дейін өзінің өтінімін өзгерте немесе кері қайтара алады. Өзгеріс өтінім сияқты дайындалады, мөрленеді және ұсынылады. Өтінімдерді беру мерзімі аяқталғаннан кейін келесі күні оған өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

Конкурс қорытындысын шығару қалай жүзеге асырылады?

Өтінімдерді беру мерзімі аяқталғаннан кейін келесі күні жер комиссиясы жабық конверттерді ашу жолымен (конкурсқа қатысушылардың қатысуынсыз) конкурстың қорытындысын шығарады. Жер комиссиясы барлық өтінімдерді олардың сәйкестігі, толықтығы, есептемелердегі қателіктердің, құжаттардағы барлық қолтаңбалардың бары тұрғысынан зерделейді, сондай-ақ жалпы рәсімдеудің дұрыстығын тексереді, конкурстық ұсыныста көрсетілген бизнес-жоспар, оның ішінде, инвестициялардың болжамды көлемі бойынша балл беру жолымен өтінімдерді бағалайды, салыстырады. Балл салынатын инвестиция көлеміне сәйкес беріледі. Осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға конкурстық ұсыныстарына қосымша 10 балл беру түрінде артықшылық беріледі. Осыған байланысты конкурсқа өтінім беруші азаматтар тұрғылықты жерлерін анықтайтын дәлелді құжаттарын ұсынулары қажет. Ең жоғары балл алған қатысушы жеңімпаз болып танылады. Екі және одан да көп конкурстық ұсыныстардың тартылатын инвестицияның ұсынылған көлемі бойынша балдары тең болған жағдайда конкурстың жеңімпазы комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы анықталады. Егер конкурсқа шығарылған әрбір жер учаскесі бойынша конкурсқа қатысуға екіден аз қатысушы жіберілген жағдайларда өткізілмеді деп танылады. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жер пайдалану (жалға алу) құқығымен шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге жол берілмейді.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале