1.12.2022, 11:15
Оқылды: 69

Жетікөлде екі медресе болған

Жақында Жетікөл ауылдық округіндегі тарихи Дат мешітінің орнына арнайы
белгі қойылды. Даттың ұлынан даланың даңқты тұлғасына айналған Сырым батырдың 280 жылдық тойы қарсаңындағы игі істі Дат ұрпақтары өздері атқарды.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреға-
лиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, өңірдің бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, белгілі меценат Құсайын қажы Бақтияров және Байбақты Даттың ұрпақтары қатысты.

Дат мешіті 2

«Мешіт орны қалай табылды?» – деген сауалды тарқатайық.

Осыдан үш жыл бұрын белгілі өлкетанушы, жерлесіміз Нұржан Төлеповпен және Жұмағазы Хазіреттің ұрпағы Ғарифолла Жанбозовпен бірге Жетікөл ауылдық округіне барған едік. Нұржан мырза қолындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік архивінен алған Қызыл Армияның бас штабы 1937-1941 жылдары пайдаланған әскери картадағы  «Дат мечеть» деген орынды іздеп келіпті. Жергілікті аңшы Киікбай Қайырғожин, Даттың үлкен қариясы Ерсайын Рамазанов жоғымызды бірге іздесті. Кейін карта мен қарттың арқасында Жетікөл ауылының іргесінде, Бұлдырты өзенінің иініндегі тарихи Дат мешіті тұрған жерді де тапқанбыз. Мешіт қабырғасы мен мұнарасының қалдықтары – қызыл  кірпіштер, кешегі діннің сәулетті дәуірінің мұрасындай.

Жетікөл өңірінде қырық ишан болған деген дерек жиі айтылды. Сол сапарда сәті түсіп қырық ишанның бірі – Мұхамеднияз Құдайбергенұлының құлпытасы да анықталды. «Сырым елі» газетінде жариялаған «Дала жұмбағы: дат мешіті және Мұхамеднияз ишан» атты мақаламызды оқырман көзі шалған болар.

Дат мешітін кешенді зерттеу объектісіне айналдырған – белгілі журналист, өлкетанушы, ел газеті «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы. Қазыбек мырза бүгінгі уақытта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың қарашасындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы негізінде жасақталған өңірлік жұмыс тобында қызмет етуде. Репрессияға ұшыраған дін қызметкерлері бойынша комиссияның төрағасы биыл Дат мешітіне қатысты тың мәліметті қолға түсірді. Өлкетанушы белгіні ашу рәсіміне қатысты.

–  Дат мешіті ХІХ,  ХХ ғасырда осы өңірдегі үлкен діни орталықтардың бірі болды. Қоспадағы Шүйеке шейх пен Қуанай Хазіреттің, Сайқұдық бойындағы Дәулетияр ишанның, Базартөбедегі Мәулімбердінің, Жаңақаладағы  Ибрагим, Ғұбайдолла хазіреттердің мешіттері осындай білім кешеніне жатады. Дат мешітінің жанында екі медресе болған. Қариялар орнын да көрсетті. Демек, Жетікөл даласында университет дәрежесіне жетеқабыл діни орталық болған. Бұл жерде білімді хазіреттер мен ишандар қызмет еткен.

Менің көзіме түскен бір дерек – 1905 жылы Батыс өңірінің ишан – хазіреттері орыс патшасына қазақтың жерді емін-еркін пайдалануына және діни бостандығына жағдай жасау туралы хат жазыпты. Оған 22 адам қол қойған. Соның бірі – Мұхаммедсары ишан Төлепбергенұлы Дат мешітінде еңбек еткен. Ел оны «Сары ишан» деп таниды. Кейінгі ұрпақтары да дін ұстаған. Біз тарихи хат негізінде «Жайық Пресс» ЖШС-ның жанынан «Дін үшін, жер үшін...»  атауымен жинақ шығардық.

IMG-20221201-WA0002

Ел аузындағы «Қырық ишан»  жөніндегі әңгіме де бекер емес. 1929 жылы репрессияның алғашқы толқынында дәл осы даладан 30 адам айыпталып, 15-і ату жазасына кесілген. 1936-37 жылдары қалған молда, имам, ишандар қудаланды, жер аударылды, атылды. Діни ахуалдың азып-тозуы осылай басталды. Дегенмен, тарих түгенделіп, далада қайтадан ұлттық рух салтанат құруда. Дат мешітінің орнына белгі қойылды. Бұл – өнегелі  іс, үлгілі  үрдіс, – деді Қазыбек Құттымұратұлы.

Ел Қосарал ауылында бабалар рухына Құран оқытып, ас берді. Дастарқан басында жұрт амандығы үшін дұға жасалды.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале