11.09.2021, 16:30
Оқылды: 136

Жіті қимылдап, жұмысты жандандыруға күш саламыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы мемлекеттік қызметшілерге анық бағыт салып берді.

2 ахметов

Әсіресе, Президенттің: «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр.

Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ, әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті, кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді.

Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді.

Бұл, негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауаптылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты екенін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді» деген сөздері бізге, ауыл әкімдеріне тікелей қарата айтылған сын дер едім.

Мен алғашқы сайлауда халық дауысымен сайланған ауыл әкімімін. Осы лауазымда қызмет еткеніме көп болмаса да, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидатын өз жұмысымда алғашқы күннен бастап ұстанып келемін. Жергілікті тұрғындармен күнделікті кездесіп, туындаған әр мәселе бойынша тиімді шешім табуға тырысамыз. Мен халық алдындағы жауапкершілігімді, олар артқан сенімнен шығуым керектігін анық түсінемін және де сол межеден шығу үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Мемлекет басшысы бізге батыл қимылдап, жергілікті жағдайға қарай дербес шешімдер қабылдауға мол мүмкіндік туғызып отыр. Ендеше, сол мүмкіндікті қолданып, жіті қимылдасақ, жергілікті биліктің жұмысы жанданып, халық сенімінен шығарымыз анық.

 

 Жаннұр АХМЕТОВ,

Теректі ауданы

Ақсуат ауылдық округінің әкімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале