2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 35 адамға 263,66 млн теңге шамасында несие берілді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы саласындағы 2 жобаға – 4,7 млн, мал шаруашылығы бағытындағы 25 жобаға – 154,1 млн, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің 4 жобасына – 78,05 млн, шағын бизнесті дамытуға қатысты 4 жобаға жалпы сомасы 26,81 млн теңге бөлінді.
Өсімдік шаруашылығы бойынша екі несие алушы, Бөрлі ауылынан С. Гапотченко 3,5 млн теңгеге тамшылатып суару, топырақтыжылыту, микроклимат жүйесін құру құрылғысын, Приурал ауылынан О. Здобняк 1,2 млн теңгеге жылыжай жабдықтарын және көкөніс тұқымдарын сатып алды. Олар жалпы 4,7 млн теңгені игерді. Мал шаруашылығы бойынша 29 несие алушы 335 сүтті бағыттағы ірі қара сатып алу керек еді. Қазіргі кезде 26 несие алушы 213,3 млн теңгеге 308 сүтті ірі қара аналығын (91 асыл тұқымды, 217 тауарлы) және 40 бас ұсақ мал сатып алды. Ал бір несие алушы 4,1 млн теңге несиесін (7 бас ІҚМ сатып алды) «Aqjaiyq» ӘКК-не мерзімінен бұрын қайтарып тастады. Сатып алынған 308 ірі қараның 228-іне чип орнатылды. Өкінішке қарай, екі несие алушы қаражатты игермеді. Бір азамат қаражатты мақсатты пайдаланбаған, екінші несие алушы мал сатып алғандығы туралы тиісті есептіліктерін әлі күнге тапсырмай отыр. Бүгінде «Aqjaiyq» ӘКК тарапынан қаражатты кері қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша 4 несие алушы 26,81 млн теңгеге қажетті жабдықтар сатып алды. Приурал ауылының тұрғыны А. Оразалиева наубайханаға арналған жабдықтар (6,4 млн теңгеге) сатып алды. Бүгінде наубайхана жұмыс істеп тұр. Бөрлі ауылының тұрғыны Г. Темешова тігін цехына арналған жабдықтар (6,45 млн теңгеге) сатып алып, ұлттық нақыштағы көрпе-көпшік жасау өндірісін бастады. Қызылтал ауылының тұрғыны Б. Бисенов аутокөліктерге техникалық қызмет көрсету стансасы жабдықтарын (7 млн теңгеге) сатып алып, іске қосты. Станса толыққанды жұмысын бастады. Жарсуат ауылының тұрғыны Хасина Виктория 6,96 млн теңгеге дәмханаға арналған жабдықтарды сатып алды. Дәмхана іске қосылды. Жұмыс орнын құру туралы келісімшарт бойынша несие алушылар жалпы 51 жұмыс орнын ашуға міндеттелді. Бұл күндері 33 жұмыс орны құрылды: 29-ы – жеке кәсіпкерлік нысандарында, төртеуі – ауыл шаруашылығы кооперативтерінде.
2024 жылға ауданға бөлінген лимит көлемі 470,4 млн теңгені құрайды. Оның ішінде мал шаруашылығына – 235,2 млн, өсімдік шаруашылығына – 14,9 млн, шағын бизнесті дамытуға – 79,2 млн, құс шаруашылығына – 29,8 млн, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне – 111,3 млн теңге бағытталды.
Соның ішінде жалпы 56 жоба іске асырылып, 72 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жүзеге асырылатын жобалардың бағыттары сан алуан. Айта кетсек, мал шаруашылығы бойынша 235,2 млн теңгеге 35 жоба, өсімдік шаруашылығынан 14,9 млн теңгеге 2 жоба, құс шаруашылығы бағытында 29,8 млн теңгеге 4 жоба, басқа бағыттарда 79,2 млн теңгеге 11 жоба, кооперативтер бойынша 111,3 млн теңгеге 4 жоба «жанданады».
Бүгінгі таңда 32 ниет білдіруші жалпы сомасы 284,2 млн теңге көлемінде несие қаражатын сұрап, «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өтінім тапсырды. Атап айтар болсақ, 81,7 млн теңгені құрайтын 8 өтінімнің (1 мал шаруашылығы (бордақы), 1 құс шаруашылығы, 6 техника, жабдықтар сатып алу) қаржысы берілді. 184,3 млн теңгені құрайтын 22 өтінім (16 мал шаруашылығы, 3 техника, жабдықтар сатып алу, 3 құс шаруашылығы) мақұлданды. 18,2 млн теңгені құрайтын 2 өтінім (2 техника, жабдықтар сатып алу) әлі қаралуда. Қорыта айтар болсақ, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, тіршілігін жандандыруға септігін тигізуде. Тек несие қаражатын мақсатты пайдаланған жөн.
Алтынбек Бексейітов,
Бөрлі ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы