1.07.2022, 22:49
Оқылды: 56

Жол сапасы салыстыруға келмейді

Иә, көрген көзге соңғы жылдары Қозөзеннің ортасында орналасқан Казталов ауданының инфрақұрылымы артып, әлеуметтік-экономикалық дамуы үдеу үстінде. Таза суға аузы жетіп, табиғи көгілдір отынмен жылынған жұртшылыққа ендігі кезекте қатқыл табанды жол қажет. Чапаев-Жалпақтал-Казталов-Жәнібек күре жолының бойында орналасқан елді мекендерден басқасы баяғы аталар жүріп өткен қара жолмен баяу алға жылжып келеді. Жақсыға етіміз тез үйренетін халық болғандықтан ба әлде заманауи технологияларды тез үйреніп жатырмыз ба? Әйтеуір, бәтеңкемізбен лайды басуға да жиіркенетін болдық. Бұрын-соңды аяғымыздан резеңке етік түспейтін күніміз келмеске кеткендей. Бұл асфальт жолдың үстімен ширақ басып жүргендердің күні. Ал Қараоба, Қошанкөл секілді қатқыл табанды жол көрмеген халық асфальт жолды армандап келе жатқанына қаншама жылдың жүзі болды?

 20220630_160702

Жарылған, ойылған жол не болмақ?!

Құдай тілеуін берді ме, әлде, облыс, ауданның атқамінер азаматтары дер кезінде қимылдады ма Қошанкөл мен Қараоба бағытындағы жолды жөндеудің шешімі табылғандай. Осы аумақтың халқымен бірге бөркімізді аспанға атып қалай қуандық десеңізші?! Былтырғы жылы аталмыш бағытта Беспішен ауылының үстімен кәдімгі өзіміз көріп жүрген асфальт жолдың құрылысы басталып кетті. Бұл орташа деңгейдегі жөндеу екініне де қарамадық. Жолға жауапты мердігерді көріп: «Айналайын, мың болғыр «Uniserv» деп тағы да бір қуандық. Облыс орталығынан бері қатқыл табан жолды тартып келе жатқан да осы компания болатын. Шүкір, басқаларға қарағанда тәжірибесі мол, техникасы да бар екені барша ағайынның көңілін бір серпілткендей. Жолымыз осылай алға қарай жылжи берді...

20220630_161205

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қыстағы қар кетіп, алыстағы ағайындардан да жақсы хабар жете бастады. Қошанкөл мен Қараоба жақтан да хабар келді. Бұл хабар біз күткендей жағымды бола қойған жоқ. «Алдыңғы жылы бастап салған қатқыл қара табанды жол жарылып, шатынап жатыр» дейді дүйім жұрт. «Бұл қалай болды? Неге жаңадан салынған асфальт жарамсыз? Арнайы технологиялар дұрыс сақталмай қалды ма?» деп ойымыз сан-саққа кетті. Мәселе керек десеңіз, өңір басшысы ауданымызға келген іссапары кезінде де көтерілді. Қараоба мен Қошанкөл ауылдық округі атынан сайланған мәслихат депутаты Қуаныш Ермеков жол мәселесін көтерді. Сол кезде Батыс Қазақстан облысындағы жолдың бастығы Айдар Менеев «Бұл кемшіліктердің бәрін қайта жөндейміз, жол үстіне төселетін асфальттың қалындығын арттырамыз» деп ант-су ішкен болатын.

Жалпы жол құрылысында жүрген азаматтардың айтуынша, ауылдардың кірме жолдарына болмаса, көліктердің ағымы басым жолдарға орташа жөндеу үйлеспейді екен. Тек күрделі жөндеу жұмыстарынан бағасы екі есе төмен демесек. Мысалы, күрделі жөндеу жұмысына жататын асфальт жолдың бір шақырымы 150 млн теңгені құраса, орташа жөндеуді қажет ететін асфальт жолдың шақырымы 60 млн теңгенің көлемінде. Айырмашылық жер мен көктей. Жоғарыдағы көкелер республика мен облыстан қаражат бөлген кезде, әрине, ақшасы арзан жобаны қолдайтыны анық. Өзі арзан, сапасы жоғары дүниеге қызығатын халықпыз ғой. Дегенмен, «Арзанның тұзы татымас» дегендей, орташа жөндеу біздің қатқыл табиғат пен аяғыңдағы ботиыңды жұлып алатын батпақты сортаңға жарамайтынын толық көрсетіп берді.

20220630_122215

Жарайды, жолға қатысты біраз мәселені қаузаған секілдіміз. Енді сол жолдағы кемшіліктерге кім кінәлі? Соның басын ашып алайық. Жуырда «AMANAT» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелерімен бірге Қошанкөл-Қараоба-Жақсыбай бағытындағы жолды тексеріп шықтық. Тапсырыс беруші Казталов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары мекемесімен бірге мердігер «Uniserv» ЖШС өкілдерімен кездестік. Мәселені өз көзімізбен көрдік. Былтырғы жылы жоспарланған 15 шақырым жолдың 6 шақырымына қара жамылғы төселген. Қалған 9 шақырымына қара жамылғы төсеу жұмыстары жүруде. Жолға түсетін қара жамылғының қалыңдығы 5 сантиметр. Ойлап қарасаңыз, сіріңкенің қорабындай ғана қалыңдықтағы жолдың ұзаққа төтеп бермесі айқын. Сол 6 шақырым жол күзгі және көктемгі уақытта жарылып, ойылып қалған. Тапсырыс беруші бар, техникалық қадағалаушы бар бәрі жолдың ойылуына кінәлі тасымалдайтын «Uniserv» ЖШС-нің ауыр жүк көліктері екенін анықтаған. Яғни, қара жамылғы төселген жол үстімен жүріп, алдағы жөнделетін жолдың жалғасына қажетті материалдар тасымалдаған. Негізінде мұндай құрылыс жұмыстары кезінде айналма жол болуы керек. Ал мердігердің айтуынша, айналма жол жасауға қосымша қаражат қарастырылмаған. «Uniserv» ЖШС-нің учаске бастығы Элдар Ниязов жол ақауларын қайтадан жасайтынын жеткізді. Сонымен қатар тапсырыс беруші Казталов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Артур Берденов алдағы жоспарланған жолдың келесі 15-21-48 шақырымдарын жөндеу жұмыстары қайтадан қаралып, астыңғы қабаты жаңа технологиямен жасауды және үстіңгі асфальт қабатын 11 сантиметрге дейін қалыңдатуды жобалап жатқанын айтып, біраз үміт сыйлағандай.

«Бәрін айта та бірін айт» демекші, қайтадан жамалған жолдың оқсап кетуі екіталай дүние. Жол құрылысы дұрыс атқарылып, жолдың сапасы дұрыс болса ғана ісіміз оңға басары анық.

 9-дың жыры біткендей...

Жолдың сапасы демекші, Бостандық ауылына кіреберіс 9 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары аяқталып жатыр. Күні кеше күз бен көктемнің балшығында осы бір 9 шақырымды жүріп өту бостандықтық ағайын үшін «Барсакелместей» болып еді. Көптің тілегі қабыл болып, былтырғы жылы 9,2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары басталған. Бұл жол да жоғарыдағы жолдай көліктердің көп жүретін, көрші Бөкей ордасы ауданына қатынайтын жол. Ауылдың үстімен Бөкей еліне жүйткіген көліктер күндіз-түні өтіп жатады. Оқырмандарды «Ал сонда Қараоба мен Қошанкөлдің жолындай бұл жол неге ойылып қалмады?» деген ой келетіні рас. Осы жолдың құрылысына тоқталып өтейік. Құрылыс жұмыстары аяқталып жатқан жолдың басына арнайы барып қайтқан едік.

Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «Тоби» ЖШС директорының орынбасары Асланбек Рахметов жұмыстар барысы туралы баяндап берді.

- Біз былтырғы жылы жолдың 4,3 шақырымын жасап шықтық. Биыл қалғанын жөндеп жатырмыз. Бұл «CHIMSN» атауына ие жаңа технологиялық қоспаны жергілікті топыраққа араластыру әдісі арқылы 15 сантиметр жолдың астыңғы қабаты жасалады. Бұл қоспа бетоннан да қаттырақ қатады. Су тиген сайын қата беретіні тағы бар. Содан кейін ғана үстіңгі қабат қара жамылғы төселеді. Қара жамылғының қызуы +150 градустан төмен болмауы қажет. Осындай арнайы заманауи технологияларды сақтау арқылы сапалы жол төселеді, - дейді Асланбек Рахметов.

Расында жолдың астыңғы қабаты бейне бір бетон құйған тәрізді қатты нәрсе. Аяқпен теуіп те көрдік, тастай қатты. Осы сапарымызда Бостандықтың кіреберіс жолын тексеруге келген ұлттық сапа орталығы мамандарының жұмысына куә болдық. Олар жолдан сынама алып, қалыңдығын өлшейді. Алынған сынаманы арнайы зертханада сынайтын болады. Жолдың қалыңдығы да ойдағыдай болып шықты. Ал енді жоғарыда жазған Қошанкөл-Қараоба жолымен Бостандыққа апаратын жолды салыстып көрейік. Өзіңіз оқып отырғандай салыстыруға келмейді. Сонда кімді алдап отырмыз?!

Нұр Рахман,

Казталовка ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале