24.02.2021, 16:05
Оқылды: 59

Жолда қалған 15 адам құтқарылды

Ақпанның соңғы аптасында үскірік боран біраз елді әбігерге салғаны рас. Осындайда бар ауыртпашылық төтеншеліктер мен полицияның мойнына түседі. Бәйтерек аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Талғат Бекмұхановтың айтуынша, боран басталғалы арнайы қызмет мамандары жолда қалған 10 жеңіл көлік пен бір жүк көлігін құтқарған.

132EFABD-2CAC-4668-8167-CF9F9354A826

-Екі күннен бері күшейтілген режимде жұмыстанып жатырмыз. 15 адам құтқарылды. Олардың біреуі – шетел азаматы. Бұдан бөлек ауданда электр желілері де істен шығуда. Электриктермен бірігіп, үзілген сымдарды қалпына келтіруге де атсалысып жатырмыз,- дейді Т.Бекмұханов.

Бүгінде полиция қызметкерлері де тынымсыз еңбек етуде. Орал-Атырау, Орал-Кирсанов, Шымкент-Самара және Орал-Тасқала тас жолдарының бойында екі күннен бері құқық қорғау қызметкерлері кезекшілік етуде екен. Бұл мәліметтерді бізге аудандық полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбеков берді.

-Арнайы жоспар құрылып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаруалар атқарылды. Барлық жолдарда, аудан орталығына кіре берісте біздің қызметкерлер екі күннен бері кезекшілік етіп тұр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты аудан тұрғындарына алыс жолға шықпауға кеңес береміз,-дейді ауданның бас полицейі С.Шалдарбеков.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Данияр Кушубаев боран басталысымен аудан аумағындағы барлық жолдарды тазалау ісі басталғанын айтты. Сөзінше, оған қажетті техника сақадай сай екен.

Боран электриктерді де әбігерге салды. Онсыз да тозығы жеткен сымдар үзіліп, біраз абонент жарықсыз қалған-ды. Күннің аязына қарамастан электр мамандары ауылдарды жарыққа қосуға бар күшін салуда. Осы сағаттағы мәліметке сенсек, ауданның Переметный жағындағы Болашақ елді мекені ғана жарықсыз отыр екен.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале