20.04.2021, 9:06
Оқылды: 107

Жолың болсын, Айша!

Үш. Тоғыз. Алты.

Бұл жай сандар емес. Бұл – Сырым ауданы, Жымпиты ауылында тұратын Айшаның өмірі. Ол үш жаста. Қаршадай қыз тоғыз отадан өтті. Тағдыршешті тағы бір ота тұр. Ол үшін 6 миллион теңге қаражат керек.

8F57810F-3C1A-4AA6-978E-37188B1ABC2F

2020 жылы «Сырым елі» газетінің желтоқсан айындағы жылжабар санында журналист Шынар Молданиязованың гиршпрунг дертіне, яғни тоқ ішек ауруына шалдыққан жымпитылық Есмагулова Айша Асылбекқызының тағдыры жайлы «Айшаның тағдыры алаңдатады» атты мақаласы жарық көрді. Ол мақалада Айша мен оның ата-анасының әр күні өмір үшін күреспен өтіп жатқаны, жалғыз үміт - Мәскеу қаласындағы «Морозовское ДГКБ» клиникасында жасалатын отада екенін айтылды. Өмір үшін күрес те арзан тұрмайды екен. Тексерілуге 3 млн., ота жасатуға 6 млн. теңге қажет. Табысы мардымсыз, ауылда қарабайыр тіршілік кешіп отырған жанұяның оған мүмкіндігі қайдан жетсін? Оның үстіне, Айшаның тоқ ішегін сүртіп, тазалау үшін дымқыл сулық пен дәкенің өзіне айына 130-150 мың теңге қаражат кетеді екен.

- «Бір ел – бір тағдыр» деп ұрандаттық қой. Бір ел болып, бір аудан болып, бір қызымыздың тағдырын жеңілдетуге жұмылайық. Айшаның анасы Сымбат «3 млн. теңге жиналып, Мәскеуге тексеруге барып келсек екен, 6 млн. теңге тұратын Козловтың жасайтын отасына қаржы қайда, ол арман ғой!»,- дейді. Ауданның атымтай жомарттары қолдаса, халық болып біріксек, 6 млн. теңгені де жинауға болады. Кішкентай періште сәбиге әрқайсымыз қол ұшын созып, қаржылай көмектесейік! Бір сәбидің саулығына ел болып үлес қосайық, ағайын! – деп елге үндеу айтты әріптесіміз.  

Аудандық газеттегі мақаладан кейін Айшаны тек біздің өңір емес, қалың Қазақстан таныды. Бұл жерде әлеуметтік желі мен басқа аудан-қалалардағы қалам ұстаған әріптестердің көп көмегі болғанын айтуымыз керек. Халық қамсыз отырмады. Қолда бар қаражатын есепшотқа аударып, Айшаның анасының арманын орындауға үлес қосты. Қаңтар, ақпан айларында есепшотқа 1 млн. 600 теңгедей қаражат жиналды. Біз, Айшаның тағдырына тек жанұясы ғана емес, түгел ел алаңдап отырғанын түсіндік.

Наурыз айы туды. Үш жасар бүлдіршін үшін тағдыршешті күн жақындап келеді. Қаржы болса әлі межені орталаған да жоқ. «Ұялған тек тұрмас» деп, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке аудандағы мекеме қызметкерлерінің бір күндік жалақысын Айшаның еміне аударуға үндеп, редакция атынан ресми хат жаздық. Біздің шаруамызбен аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов тікелей айналысты. Былтыр бір бауырымызға баспана алуға қаражат жинағанда, «Көп түкірсе көл емес, теңіз!» екен деп, марқайып едік. Осы сөздің растығына тағы да көзіміз жетті.

Аудандағы мекеме қызметкерлері бейбіт күннің ерлігі – қайырымдылықтың ерен үлгісін көрсетті. Бір ұжым есепшотқа салса, бір ұжым Айшаның еміне деген көмектерін анасы Сымбат апамыздың қолына апарып тапсырды. Ақшалай көмегі өз алдына, олардың жолдаған жақсы тілек, ақ сөздерінің өзі жанға демеу болады екен. «Мына мекеме мынадай теңге жәрдем берді» - деп мейірімділікті теңгемен өлшеуден аулақпыз. Дегенмен аудандағы ұжымдардан бөлек, Орал қаласындағы ГАЗель көлігін жүргізуші азаматтардың, облыс аудандарындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері директорларының, Айшаны танымаса да, Алланы танитын мыңдаған адамдардың газеттің бастамасына қолдау көрсетуі жүректі жылытады.

Жерлесіміз, «Ел және мұғалім» газетінің редакторы Жанбол Ғалиев те оқырмандарын жұмылдырып, 433 мың теңге жинап, оны Айшаның ата-анасының қолына тапсырды.

«Харекет» қайырымдылық қорының өңірдегі өкілі Демежан Меңдешов бауырымыздың да жымпитылық қарындасы үшін шыр-пыр болғанын айтпасақ болмас. Демежан Айшаның халін білу үшін үш айда Жымпитыға үш келді. Өмірге құштар сәби қор мүшелерінің қолдауымен тегін фотосессияға барды. Жігерлі Айшаның суреті жылтыр журналдың мұқабасына басылды. Сырымдық депутаттар гиршпрунг дертіне шалдыққан балаларды мемлекеттік қолдауға алу туралы ҚР Парламентіне сауал жолдады. Демек, Айша арқылы оның тағдырластарына қоғам назары ауа бастады.

Жыл басынан бері «Сырым елі» газетінде Айша жөнінде үлкенді-кішілі онға жуық материал жарық көріпті. Алайда осы жолғы мақаламызды көмек сұрау үшін емес, бастамамызды қолдаған ел мен жұртқа алғыс айтайық деп жазып отырмыз. Мың алғыс сіздерге, жақсы адамдар!

Айшаның анасының есепшотына бүгінде 4 млн. 600 мың теңге қаражат жиналды. Осылайша, «Сырым елі» газетінің тарихындағы ең ауқымды қайырымдылық жобасы тағы да елдің көмегімен сәтті жүзеге асты. 4 млн. 600 мың теңге тек қаражат емес, бұл – Айшаның арманы, бұл – халықтың сенім-үміті, жүрек жылуы. Алланың қалауымен, осы аптада Айша ата-анасымен Мәскеуге аттанды.

Жолың болсын, Айша! Жақсы жаңалықпен оралшы!

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале