22.12.2022, 12:46
Оқылды: 64

«Жомарт жүрегіңнен» айналдым!

Сырым ауданында аудандағы қайырымдылық бастамаларға, елдік істерге белсенді атсалысқан азаматтар мен ұйымдарға «Жомарт жүрек» сыйлығы табыс етілді. Салтанатты шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

17

- Әрине, адамның басқа адамдарға, қоғамға деген жанашырлығы, туған жерге деген махаббаты оның қалтасымен емес, жүрегімен өлшенеді. Қайырымдылық жұмыстарымен мақтанбау керек, бірақ ізгі істерді насихаттау қоғамда адами асыл қасиеттердің әлі тірі екенін дәлелдейді. Басқаларды жақсылыққа құлшындырады, - деді құттықтау сөзінде аудан әкімі.

Биыл «Жомарт жүрек» сыйлығы Сырым ауданы бойынша «Өрлеу» шаруа қожалығының басшысы Ербол Бекжановқа берілді. Ербол Бекжанов – көктемгі су тасқыны кезінде өзіне тиесілі ауылшаруашылық техникаларын алып шығып, бас болып, ауыл жігіттерін жұмылдырды. Шығынын өз мойынына алып, ауыл іргесіндегі бөгетті қалпына келтірді. Ербол – Бұлдырты өзенінің үстінен өтетін көпірді жөндеуге де атсалысқан азаматтардың бірі.

18

Сол секілді, биыл батыр, би Сырым Датұлының туғанына 280 жыл толуына орай туған жерінде өткен мәдени-көпшілік шараларға Дат ұрпақтары ірі көлемде демеушілік жасады. Атап айтсақ, «Дала кемеңгері немесе Сырым туралы сыр» кітабы қайта басылды, Дат мешітінің орынына белгі орнатылды. Осы істің басы-қасында жүрген әрі Жетікөл ауылдық округіндегі түлектер арасында ауылдағы жалғызілікті жанға баспана сыйлау туралы ұсынысты көтеріп, ұйымдастырған Айдархан Рамазанов та «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапатталды.

16

Оқырмандар үшін қуанышты хабарымыз да жоқ емес. «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің 21 сәуірдегі №16 санында журналист Ш.Молданиязованың «Ерекше күтімді қажет ететін балалар баспанаға мұқтаж» атты мақаласы басылды. Газет редакциясы Өлеңті ауылындағы жатақхананы мекендеген көп балалы жанұяның жайын, баспанаға зәрулігін айтып «Харекет» қорының облыстағы өкілдеріне ұсыныс берген болатын. Ұсынысты қабылдап, №684 баспанасын Сырым ауданынан берген «Харекет» қорына Сырым ауданы құрметті сыйлық ұсынды. Айта кетейік, қордың Батыс Қазақстан облыстық филиалына Демежан Меңдешов жетекшілік етеді.

Салтанатты шараға қолдау көрсеткен кәсіпкер Ермек Какимовқа да аудан әкімінің алғыс хаты берілді. Осы күні «Жасмин» мейрамханасында аудандағы тауар өндірушілердің «Made in Zhympity» атты көрмесі өтті.

Б.Шерім,

Сырым ауданы

Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале