1.09.2022, 12:31
Оқылды: 39

«Жомарт жүрек - 2022» премиясы табысталды

«Жомарт жүрек» премиясының мақсаты – халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерларды ынталандыру, көтермелеу, азаматтардың белсенділігінің үздік тәжірибесін тарату, қайырымдылық қызмет, меценаттық пен мейірбандық идеяларын танымал ету. Осы игі істі жүргізуде бүгін қаратөбеліктер де шет қалмады.

1

Аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы атымтай жомарт жандардың мейірімді мерекесіне арналған «Жомарт жүрек–2022» сыйлығының лауреаттарын құттықтап, «Жомарт жүрек» премиясын салтанатты түрде табыстады.

3

«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары төмендегідей номинациялар бойынша марапатталды.

4

Елді мекендерді абаттандыруға, демалыс саябақтарын, аллеяларды, ескерткіштерді, балалардың ойын алаңдарын реконструкциялауға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін Қаракөл ауылдық округінің 1982 жылғы, Сулыкөл ауылдық округінің 1992 жылғы, Қаратөбе ауылдық округінің 2002 жылғы мектеп түлектері, шалғындық кәсіпкер Нұрболат Бақыт, «ALTYN-AI» компаниясының директоры Ержан Қожаниязовтар «Туған өлке» аталымын иеленсе, саралжындық Амангелді Мырзағалиев «Жыл меценаты» атанды. Амангелді Рақымұлы 2019 жылы Қарақамыс ауылы Қарақамыс көшесіндегі ауыл тұрғындарының ауыз су құдығын жөндеп, техникалық құрал жабдықтарын қондырып, электр желісіне қосып, ауылдастарына қол ұшын созды. Сонымен қатар аудандық мешіт асханасының құрылысына 200 мың тенге көлемінде демеушілік жасап, ауданда өткен Мұхит Мерәліұлының 185 жылдығына ақшалай көмек көрсетіп, елжандылығын танытты.

5

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыруға белсенді атсалысып, аудан тұрғындарының рухани өркендеуіне қосқан үлесі үшін саралжындық Серғали Тастаев, ханкөлдік Төремұрат Тұяқов, Қаратөбе ауылдық округінен волонтерлікпен айналысып жүрген Айболат Ниязов, егіндікөлдік Сапарбек Сердалин,  Аққозы ЖОББМ-нің  2002 жылғы түлектері, Алакөл негізгі орта мектебінің 2007 жылғы, Қалдығайты ЖОББМ-нің 2002 жылғы түлектері аудан әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Аталмыш шараға қатысқан  облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесінің басшысы, қалалық мәслихат депутаты Айгүл Туркина марапаттауларға ие болған елеулі ел азаматтарының туған жерге деген ыстық ықыластарына ризашылығын білдіріп, зор жетістіктерімен құттықтады.

2

Айгүл Серікқызы аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлына аудан бойынша Аққұм мен Құныскерей үнгірі енген кітапты және республикалық «Жомарт жүрек-2021» меценаты атанған жерлесіміз Ержан Хасанов туралы жазылған кітапшаны табыстады.

Салтанатты шарада А.Туркина ауданымыздағы «Рухани жаңғыру» кеңсесінде  5 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келе жатқан Айгөлек Андированы алғысхатпен марапаттады.

6

Мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары әсем әндерін жолдап, айтулы шара Рүстем Ақташевтың орындауындағы жерлес әнші Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале