21.10.2020, 15:38
Оқылды: 259

«Жұбан туған топырақта түледім»

Осындай атаумен Ж.Молдағалиев атындағы орталықта жергілікті ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі, айтыскер ақын, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Сағынтай Бисенғалиевтің шығармашылық кеші өтті.

39DF1146-9146-4EA0-AB77-6F76FAFFF512

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында 33 жасында айтыс сахнасына шығып, бірден жарқырап көрінген ақынның өмір жолы, өнер өлкесіндегі өрелі істері алыс-жақын ағайынға жақсы таныс. Ақжайық аудандық орталықтандырлған кітапханалар жүйесінде еңбек етіп келе жатқанына да биыл 14 жыл. Осы аралықта кітапхана жанынан «Муза» - шығармашылық отауын ашып, талай жас ақынды өнер жолына қалыптастырып, жыр әлеміне қанат қақтырды. Әр жылдары ақынның баспадан «Кешігіп келген көктем», «Жадырап жеткен жаз», «Күрең күз» атты жыр жинақтары оқырманға жол тартты. Міне, осылай сыршыл ақын С.Бисенғалиевтің жырлары жалпақ жұртқа кеңінен тарады. Айтыс аламандарынан жүлдесіз оралмай, ел абыройын асқақтатқан ақын – бүгінгі жырсүйер ұрпаққа ақылшы аға.

Ақынын ардақтаған елдегі шараға Атырау облысы, көршілес Жаңақала, Казталов аудандарынан қонақтар келіп қатысты. Жұбан ескерткішіне гүл шоғын қойған меймандар ақын атындағы орталықпен танысты. Емен-жарқын жалғасқан шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев Ақжайық өңіріне келген қонақтарды қошеметтеп, кеш кейіпкері Сағынтай Бисенғалиевті құттықтап, шығармашылығына табыс тіледі. «Зейнет жасына алқынбай, баяғыдағыдай арынымен жеткен Сағынтай ағамызбен бүкіл Ақжайық жұрты мақтанады десек, артық айтқанымыз емес. Ақынның тойы – әманда елдің тойы. Көптеген өнерлі жасты тәрбиелеп, қанат қақтырған ағамыздың екі ұлы айтыс сахнасында Ақжайықтың абыройын асқақтатып жүр. Бұл ұрпақ сабақтастығы емей, немене?! Ендеше өнер қонған киелі шаңыраққа амандық-саулық тілейміз, ақындық өнердің киелі ұшқыны немерелеріңіздің де бойынан табылсын» деп ағынан жарылған ол ақынның кеудесіне «Кітапхана ісінің ардагері» медалін тағып, иығына шапан жапты. Ақынның өнер өлкесіне кең құлаш сермеуіне әрдайым қолдау білдіріп келген жан-жары Асылғаным анаға да ілтипат білдіріп, камзол кигізді.

Сағынтай ақынның өнер, өмір жолынан сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Атыраудан арнайы келген меймандар – «Талант» республикалық қоғамдық қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы, дәстүрлі әнші Әбдіхан Есенғалиев, Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурин ақжарма тілектерін жеткізді. Жаңақала ауданының «Құрметті азаматы», замандасы Шайдолла Ишанғалиұлы, қазталовтық ақын-сазгер Сәрсенғали Бисенғалиевтер ақынның адамгершілігін, жақсы қасиеттерін көрерменге жеткізді. Теректі аудандық өлкетану мұражайының директоры Аманжол Сәлімов өз тілегін жеткізген соң, Жұбан орталығына өз сый-сияпатын табыстады. Аудандық «Мерей» мәдени-демалыс орталығының басшысы Ерлан Абайұлы Сағынтай ақынмен өнер сапарында бірге жүрген кездердегі қызықты оқиғалармен бөлісіп, қысылғанда тығырықтан шыға білетін қасиетін сөз қылды.

Айтыстың ақ таңында өнер көрсеткен ағаларына жас ақындар да құрмет көрсете келіпті. «Сырым елі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ширмединұлы, жаңақалалық «Жаңарған өңір» газетінің жауапты хатшысы Жанайдар Болатбекұлы, облыс орталығындағы белді мәдениет ошағы Қадыр Мырза Әли  атындағы орталықтың қызметкерлері Бекболат Қаленов, Орынбек Меңдіқұлов, Абылайхан Мақсотовтар жырдан шашу шашты. Сосын ортаға ақынның немерелері шықты: М.Әуезов атындағы №2-ші ЖОББМ-нің оқушылары Ғазиза Сағындық, Айзат Сағындық аталарының өлеңдерін жатқа оқыса, Самғат Сағындық атасына тілегін балауса жырмен жеткізді. Бұл кеште аудан көркемөнерпаздары ақынның сазы мен сөзі келіскен «Қадырқұлым», «Бойтұмар», «Ақжайық әсем әнімсің» әндерін әуелетті.

С.Бисенғалиев сөз тізгінін алып, осындай тамаша кездесу ұйымдастырған жандарға, яғни орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымына алғысын білдірді, қолдап, қолпаштап келген барша ағайынға амандық тіледі. Міне, осылай Жұбан атындағы орталықта Жұбан туған топырақтан түлеген бір ұлының кеші жоғары деңгейде өтті.

Асыл Қайрат,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале