8.05.2022, 22:15
Оқылды: 224

Жүлдегер Дина елге оралды

Өткен аптаның ортасында жерлесіміз, мичуриндік Дина Ержанова Бразилияда өтіп жатқан сурдолимпиададан қола жүлдеге ие болды. Бүгін ол бапкері Теміржан Хасанғалиевпен бірге Оралға келді. Әуежайда оны ата-анасы, тума-туысы, спортшылар қауымы, оқытушылары мен құрбылары қарсы алды.

2483A617-B0FA-4882-AC72-E2BD7716CFC4

​– Ұлы Жеңіс күні қарсаңында батыр қызымыз Дина Ержанова сурдолимпиадада ұлттық құрама сапында тамаша өнер көрсетіп, еліміздің намысын абыроймен қорғап елге оралуда. Алтынға тең қола медальді еншіліп келді. Жеңіс құтты болсын! Республикамызда, соның ішінде біздің өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен айналысуына барынша жағдай жасалуда. Динаның былтыр әлем чемпионатына баруы, биыл Бразилияда жүлдегер атануы соның бір дәлелі. Бұған дейін облысымызда ешкім сурдолимпиададан жүлде алып көрген жоқ. Тыңға түрен салған Динаның жарқын жолын өзге спортшыларымыз жалғайды деп сенеміз. Осындай қайсар қызды өсіріп-өндірген ата-анасына, сурдо дзюдоға баулыған жаттықтырушыларына, қажет жағдайды туғызып отырған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубына ризашылығымды білдіремін, - деді әуежайда өткен салтанатты шараны ашқан БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров.

CACEDC56-B7D4-4FB2-B7AD-968B048B842C

Өз кезегінде сөз алған самбодан КСРО-ның спорт шебері, қазақ күресінен ҚазКСР-ның спорт шебері, Динаның жеке бапкері Теміржан Хасанғалиев жиналған жұртшылыққа өз алғысын айтты. «Бразилия төрінде 52 келі салмақта өнер көрсеткен Дина 3 белдесу өткізді», - деді Теміржан Сұлтанұлы.

– Алғашқысында ирандық балуан қыздан басым түсті. Финалға жолдама үшін болған сында украиндық спортшыдан айласын асыра алмады. 3-орын үшін белдескенде кәріс қызын таза ұтып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жасы он сегізге енді толған Дина үшін бұл үлкен жетістік. Бұл жолы соңғы айналымға шығуға тәжірибесі жетпегенімен, келесі де финалға шығатынына үмітіміз зор, - деді ол.

D8D60AC4-D284-4B90-905A-0230C4E6D1D0

Динаның екінші бапкері болып табылатын Арман Баеновтың айтуынша, жақын аралықта сурдо дзюдодан Азия чемпионаты өтпекші. Дина енді сол сайысқа дайындалатын болады. Ол чемпионатта да Дина қоржынға медаль саларына сенім мол.

Сәкен Әбілхалықов

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале