14.12.2023, 22:56
Оқылды: 18

«Жұмысыма сұраныс бар»

Биыл «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, халық табысын арттыру мақсатында іске қосқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының әлеуетін арттырар үлкен жоба.

3+

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Нақты айтсақ, несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жобалары бойынша 7 жылға дейін. Несиенің номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Бұл жоба ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін – үлкен мүмкіндік.

2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама бойынша несие рәсімдеу «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүргізілді. Жыл басынан бері Теректі ауданында 89 өтініш бойынша 549, 3 миллион теңге несиелік қаражат қолға берілді.

3 авто

Солардың бірі – аудан орталығында автокөлік жөндеумен айналысатын Виталий Пустовой да «Ауыл аманатының» арқасында өз ісін жетілдірген.

Теректі ауылында туып-өскен Виталий Викторовичтің мамандығы – темір ұстасы. Орал қаласындағы №1 кәсіптік оқу орнында осы жұмысшы мамандығын меңгерген. Автокөлік жөндеумен айналысқанына 14 жыл болыпты. Басында облыс орталығындағы автожөндеу шеберханаларына жалданып жұмыс жасаған ол 2019 жылы өз ауылында осы бағыттағы іс ашуды қолға алды. Шеберханасының әр кірпішін өзі соғып, ғимаратын тұрғызды.

- Менің шеберханам ауылдағы жалғыз автокөлік жөндеу орыны. Жұмысыма сұраныс бар. Ауылдастарым қалаға сабылмай, машинасын бізге жөндеуге әкеледі. Күн сайын 3-4 жеңіл автокөлік жөндеп шығарамыз. Қасымда әзірге бір адам көмекші, әлі де ісімді кеңейту, жұмысшы алу ойымда бар, - деген Виталий Викторович несие көмегімен алған қондырғысын іске қосып, көрсетті.

1-2

Ол 4 миллион теңге несие қаражатына 4 тонна жүк көтеруге қабілетті қондырғы сатып алған. Жеңіл автокөлік өз алдына, жүк таситын «Газельді» де көтере алады екен.

- «Ауыл аманаты» - өте тиімді жоба. Өз бетіммен мынадай қымбат қондырғы алу үшін қаражат жинауым қажет болатын. Қазір автокөліктің шасси бөлігін жөндеуге аламыз. Машинаны көтеріп қойып, астында қауіпсіз жұмыс жасаймыз. Сол арқылы қызмет көрсету аясын кеңейттім. Шеберхана бос тұрмайды, сондықтан табысым да бар. Осындай төмен пайызды несие берілгеніне ризамын,- дейді ол.

 Камелия Өтеу,

Теректі ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале