21.12.2021, 16:40
Оқылды: 60

«Жырға» айналған жинақ

Әмбеге аян, соңғы жылы зейнетақы жинақтарына қатысты жаңалықтар жарияланғаннан бері, ел ішінде түрлі әңгімелер белең алды. Бірі қуанса, бірі мұңайды. Неге? «Құстың да өз ұясы болады» демекші,  әр пенденің басты арманы – баспаналы болу екені белгілі.  «Зейнетақыға үй алуға болады екен» деп бір жағынан қуанса, екіншіден, қордағы қаржы жетпейтінін естіп, алып ұшқан әлгі көңіл шіркін, су сепкендей басылды. Жалпақ жұртшылық екіұдай жағдайда қалды.  «Мына жинақ жырға айналды» деп қолды бір сілтегендерді де көрдік.

29

Таяуда зейнетақы жинақтарын пайдалануда тағы да өзгерістер енгізілген еді. Хош, сонымен, бұл жолы қалай?

Тағы да өзгеріс енгізілді

«Отбасы банкі» бір жолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға тек 20 жұмыс күні берілетінін мәлімдеді. «Біржолғы зейнетақы төлемдері арнайы шотқа түскеннен кейін, қаражатты 20 жұмыс күні ішінде пайдалануға болады. 20 жұмыс күнін есептеу онлайн-платформада өтінім жіберген сәттен емес, БЗТ (біржолғы зейнетақы төлем) қаражаты сіздің арнайы шотыңызға түскен сәттен бастап есептеледі» делінген хабарламада.

Зейнетақыны пайдалану ережелері: 3 жылдың ішінде «Отбасы банк» депозитінің көмегімен, оған аударылған БЗТ-ны қолдана отырып баспана алу үшін тұрғын үй, аралық немесе алдын ала заем рәсімдеу қажет. Егер банк клиенті бұл аралықта зейнетақының артық қаражатын пайдаланып үлгермесе, ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады. Депозитті жауып, зейнетақы төлемдерін алу мүмкін болмайды. Шот жабылған жағдайда, қаражат БЖЗҚ-ға қайта аударылады. Мұндай депозит туыстарға табысталғанда, банк шотындағы БЗТ қаражаты зейнетақы қорына қайтарылады.

Депозитті бөлген жағдайда, азамат жеке жинақтаған қаражаттарын ғана алуға құқылы. БЗТ белгісі бар депозиттер бір салымшыға тиесілі болғанда біріктіруге рұқсат етіледі.

Интернет-банкингте БЗТ белгісі бар депозиттерді сатуға тыйым салынады. Оларды сондай-ақ үшінші тараптың кепілгер депозиті ретінде де пайдалануға болмайды.

«Отбасы банкіндегі» БЗТ белгісі бар депозиттердегі қаражатты салымшының басқа қарыздық міндеттемелері бойынша өндіріп алу мүмкін емес.

Зейнетақы қаражатын қамтитын «Отбасы банк» депозиттерін келесі мақсаттарға пайдалануға болады:

– тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банкінен» заем алу (оның ішінде бір банктік несие шарты бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу);

– «Отбасы банкінде» заемды қайта қаржыландыру;

– жеке тұрғын үй құрылысы (оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық сияқты нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда).

— Зейнетақы қорындағы жинақтарын алып жатқан 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың үлесі 5%. Ал, жастар үшін баспана мәселесі өте өзекті. Сондықтан, аталған азаматтардың тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қаржы жинауға ынталандыру үшін арнайы шаралар қабылданып жатыр. Енді, қазақстандықтар «Отбасы банкіндегі» шоттарына жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аудара алады. Бұл азаматтарға алғашқы жарнаны тиімді түрде жинап, жақын арада қоныс тойын өз үйлерінде тойлауға көмектеседі. Ең бастысы, бұл мүмкіндікті жастарымыз қолдана алады. Жасы мен үлкен жұмыс өтілінің жоқтығына байланысты олардың жинақтары жеткіліксіз, алайда дәл осы жастарымыз үшін баспана мәселесі өте өткір тұр. Жаңа мүмкіндік осы мәселені шешуге арналған, — дейді «Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жұбайлар зейнетақыны біріктіре ала ма?

Ерлі-зайыптының бірінің зейнетақы жинағын шешіп алуға жетпей жатса, бір-бірімен біріктіріп, артық сомасын ала алады. Бұл жайлы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты. Агенеттік төрағасының айтуынша, зейнетақы жинақтарын сақтандыруды дамыту мақсатында жаңа әлеуметтік маңызды сақтандыру өнімдерін енгізу көзделуде.

«Бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аниутеті ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аниутетін сатып алады»,  - деді Мәдина Әбілқасымова. Оның айтуынша, бұл жеңілдікті өмір бойы қолдануға мүмкіндік бар.

Жер учаскесін сатып алуға болады

Енді біржолғы зейнетақы төлемдеріне жер учаскесін сатып алуға болады, деп хабарлайды «Отбасы банк» басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

«Біржолғы зейнетақы төлемдерін тағы бір мақсатта қолдануға болады. Енді БЗТ арқылы жер учаскесін сатып алуға болады. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке үй телімі болуы керек», - деді Нұрлан Ақшанов. Оның айтуынша, 24 айдың ішінде сол жер учаскесінде үй салып, банкке растау үшін қажет құжаттарды өткізу керек. «Оның ішінде, пайдалануға беру актісі және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары туралы куәлік бар», -деді  «Отбасы банк» өкілі.

Сонымен қатар қазақстандықтар жер телімін баспана немесе қосалқы шаруашылық салуға ғана пайдалана алады. Ал банке ұсынатын құжаттар тізіміне келетін болсақ, қолданысқа енгізілу актісі, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама болуы қажет.

Манас Нұрғалиев: 

-Зейнетақы жинағына қатысты жуырда жарияланған жаңалыққа қуанып қалдық. Себебі, мұнда ерлі-зайыптылардың зейнетақыларын қосуға болады екен. Жолдасым екеуміздің ақшамызды қосқанда,  артылатын қаржы баспаналы болуға жетіп тұр.  Әу баста,  жетпейтін болар деп,  аса қатты мән бермеп едік,  елдің бәрі осы жаңалықпен құлағдар болып,  шулап жатыр екен. Бір күні «біз де қалмайық» деп қарасақ,  жетіп тұр.  Енді оны банкке барып,  тағы да сөйлесіп,  анық-қанығына көз жеткіземіз.  Егер біздің ойлағанымыздай болса,  бұл — керемет мүмкіндік болар еді.

Жанар Құлниязова:

- Отбасымызбен бірге зейнетақы жинағымызды есептеп шаршадық. Шыны керек, іске аспайтын жоба. Біреулер, жолдасымыздың ақшасын қосқанда, жетіп-артылып тұр дейді, білмеймін, әйтеуір біздер жолдасымызды, жұмыстағы ұл-қызымыздың барлығын қосқанда да баспана алуға жеткізе алмадық. Зейнетақыны алуға болатыны жөнінде жаңалық шықса болғаны, елеңдеп қуанып қаламыз. Алайда, қол жетпейтін арман секілді болып қала береді. Ең болмаса, тісімізді жөндетіп алайық деп,  жергілікті әкімшілікке барып сұрастырып едім, оған да өтпей қалдық. Мүмкін еңбекақылары көп кісілерге үйлесетін нәрсе шығар, біз секілді қарапайым жандарға түкке тұрғысыз екені рас.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале