Жәнібек ауданының орталығында «Жасыл ел» жасағы жұмысын бастады. Аудан аумағындағы саябақтар мен қоғамдық орындарды көгалдандырып, гүлдендіру үшін бүгінде 20 студент жұмылдырылып отыр.
Ерсұлтан Уәлихан биыл алғаш рет жасыл елдің жасағына енген. Ол таңғы сағат 9.00-ден бастап басқа студенттермен бірге аудан аумағын көріктендіріп, көгалдандыру үшін атсалысуда. Бүгінде Алматы қаласы Қ.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенті жасыл елдің сарбазы атанғанын мәртебе санайды.
-Орталық алаңда еңбек етудеміз. Өрнектастардың арасынан өсіп кеткен арамшөптерді жұлып, гүлдерді суарып, абаттандыру да бізге жүктелген. Жұмысқа өз қалауыммен келдім. Еңбекпен тапқан ақшама оқуға қажетті киім-кешегімді аламын,- деді студент.
Аудан аумағында «Жасыл ел» жасағы алғаш рет 2014 жылы қолға алынған. Сол уақыттан бері бағдарлама жазғы уақытта жастардың демалысын тиімді өткізіп, қосымша қаржы табуын қамтамасыз етіп келеді.
Қазіргі таңда жасақта еңбек еткен жас толқынға 77894 теңге жалақы төленеді. Оның 42500 теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, қалған еңбекақысы «Жасыл ел» облыстық штаб тарапынан төленеді.
- «Жасыл ел» жасағы 1 шілдеден жұмысын бастап кетті. Студенттер аптасына 5 күн, күніне 8 сағат жұмыс істеулері тиіс. Бірақ еліміздегі карантинге байланысты жұмыс уақытын азайтып, жеңілдіктер қарастырылған. Былтырғы жасақта жұмыс істеген студент саны жеті болса, биыл әлдеқайда көбейді, - деді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мирас Иманғалиев.
Гүлзара Тілекқабылқызы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz