23.07.2020, 10:03
Оқылды: 59

Жолшылар «қатемен жұмыс» істейді

«Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оны жою бағытында жұмыстанатын «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» БҚО филиалының мамандарымен, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің, Орал қаласы әкімдігінің, БАҚ өкілдерімен және қоғам белсенділерімен бірге қаладағы бірқатар көше жолдарының құрылыс барысына мониторинг жүргізді.

D1E1CB8E-A286-4B55-BF74-7A7E499950C3

Мониторингтік топ қаладағы үш көше жолы, яғни Орынбор, Матросов, Алаш көшелерінің жол құрылысымен танысты. Мердігерлер құрылыс жұмыстарына қатысты ешқандай түйткілді мәселе туындамағанын айтты. Нысандарда құрылыс материалдары жеткілікті. Соның ішінде бұрынғы жылдардағыдай битум жетіспеушілігі жағдайы қайталанбасын деп қала әкімдігі биылғы мамыр айында барлық мердігер мекеме-ұйымы басшыларын  жинап, жол құрылысына қажетті битумды ертерек қамдауды тапсырған-тұғын. Содан да шығар мұндай материал тапшылығы жоқ көрінеді. Мысалға, «Адал арна» ЖШС-ның қоймасында 6 мың тонна битум бар.  Енді ауа райы қолайлы болса, жол жөндеу жұмыстары уақтылы әрі сапалы атқарылады деп сендірді құрылысшылар.

BCC90B22-A71D-4761-AC05-84C904409DDA

Мониторинг тобы бас тіреген алғашқы нысан Орынбор көшесінің жолына қиыршықтас төсеу жұмыстары жалғасуда. Жоба құны - 65 млн. теңге. Бұл көшедегі жолдың 577 метрі жөнделмек. Мұндағы жұмыс кестеге сай жүргізіліп, алдағы қыркүйек айына дейін бітеді деп жоспарланған. Қала бойынша жол құрылысы саласында 41 жоба іске асырылуда. Оның 10-ы өткен жылы басталып, биыл жалғасын тапқан. Ал 31 жоба «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынды. Жалпы бүгінде шаһардағы 55 көшенің ұзындығы 61 шақырымы болатын жолы жөнделуде. Бүгінде Ашхабадская, 8 март, Елизаров, Жамбыл көшелерінің жолдарын жөндеу аяқтала келді. Алдағы аптада Лесозащитный көшесіндегі жол құрылысы аяқталып, ашылмақ.

ACEC2FB8-253F-4093-93E4-C5E188DB6F3C

-Ауыспалы құрылыс нысандары Сарытау, Балауса шағынаудандарындағы, Елизаров, Светлая, Жүнісов, Аманжолов, Самарская, Жамбыл көшелерінің жолдары жөнделуде. Қала бойынша ауыспалы және биылғы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясындағы жобаларға 9,3 млрд. теңге қаражат бөлінді. Оның 5,3 млрд. теңгесі ауыспалы жол құрылысы жобаларына, 3,7 млрд. теңгесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы»  бағдарламасы аясында жөнделетін жолдарға бағытталған, - деді Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылан Даубаев.  Оның мәлімдеуінше, шаһардағы 55 көшенің барлығының жолы биыл аяқталмақ. Қыркүйек айына дейін Аманжолов, Самарская, Жүнісов көше жолдарына асфальт төселіп, тапсырылады.

E385678F-A858-4510-B003-532AACA3906C

Қаладағы көше жолдарының құрылысын жергілікті құрылыс компаниялары атқаруда. Олардың қайсыбірінің жол жөндеуде тәжірибесі мол болса, енді бір шоғыры алғаш рет «қолға күрек алғандар». Жол құрылысы жұмыстарына негізінен отандық құрылыс материалдары пайдаланылады. Мысалға, битум Ақтаудан, қиыршықтас Ақтөбеден, құм қиыршықты тас қоспасы, бетон, жиектас, поребрик-жиектас, асфальтты бетонды қоспа жергілікті өндірісшілерден алынады.

Биылдан бастап тапсырыс беруші, мердігер, техбақылаушымен бірге жолдың сапасын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» БҚО филиалы қадағалайды. Осының өзі жол сапасын арттыруға бастамақ. Құрылыс сапасын қадағалаушы топ құрылыс жұмыстары басталысымен асфальт төсегенге дейінгі жұмыстарды, сондай-ақ құрылыста қолданылатын материалдардың сапасын, көлемін, жол жабынының тығыздығын қарайды, кемшіліктер болса, ескертеді, түзетуге мерзім береді.

Жол құрылысы саласында 30 жылға жуық еңбек еткен зейнеткер Серікқали Ізбасаров «Иском» ЖШС-ның басшылығының шақыруымен құрылысшы жастарға бағыт-бағдар беріп, тәлімгерлік етуде. Сала ардагерінің айтуынша, Матросов көшесінің жолын жөндеу жұмыстары мамыр айының 11-інде басталған. Жол төсемі тазаланып,  қиыршықтас төселген соң, материал сапасы талапқа сай келмейді деп жол сапасын қадағалаушылар құрылысты тоқтатып тастаған. Поребрик-жиектастың да беріктігі талап үдесінен шықпаған. Сондықтан мердігер жасалған жұмысты қайтадан істеп, материалдарды жаңадан төсеген.

-Бұдан бұрын анықталған бірқатар кемшіліктер түзетілгенін анықталды. Матросов көшесіндегі поребрик-жиектастың 2,5 мың данасы жаңасымен ауыстырылған. Жолға төселген қиыршықтас сапасына қатысты олқылықтар да жойылған. «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында қаладағы бірқатар көше жолының құрылыс сапасына мониторинг жүргізудеміз. Бұдан бұрын Иманов, Матросов, Коняхин көшелеріндегі жол құрылысы барысындағы олқылықтар анықталып, құрылыс жұмыстары тоқтатылған боалтын. Мердігер мекемелер құрылыстағы ақауды түзетті, жол салу қайтадан жалғасты. Коняхин көшесі жолына асфальтты бетон жамылғының астыңғы қабаты төселді. Ол жерден материал сынамаға алынды. Қазір Орынбор, Миханова көшелеріндегі жолдарға қиыршықтас төселуде.  Ондағы құрылыс нысандары жобаларының талаптарында кемшіліктер бар. Мұндай жағдайда мердігерге көп күш түседі. Авторлық жобалармен келісім жұмыстары жүргізіледі. Сол жоба талаптары негізінде сараптама жүргізетін боламыз, - деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» БҚО филиалының жол құрылыс жұмыстары бойынша инженері Зәуірбек Қыпшақбаев.

Биыл қаладағы жол құрылысы жұмыстары барысында қадағалаушылар тарапынан 50-ге тарта кемшілік анықталған. Зәуірбек Қыпшақбаевтың сөзіне сүйенсек, құрылыс нысандарында көбіне жұмысты орындау құжаттары, инертті материалдарды әкелу журналы жоқ, құрылысшылар нысанды тезірек тапсыру мақсатында құрылыс материалдарының сапасының қорытындысын күтпей, қиыршықтас, құмды қоспаны төсеп тастайды.  Мысалға, Ярославская көшесіндегі жол құрылысындағы материал сапасыз болып, 1,5 мың тонна құмды қиыршықты қоспа қайтадан жаңаланып төселген.  Бастамасында құрылысшылар жұмыстағы олқылықтарды жоюға жайбарақат қараса, енді қырағы көздерден құтыла алмасын сезініп, «қатемен» жұмыс істеуге кіріскен.  «Омега» көпірі құрылысына қатысты мердігерге поребрик-жиектасты сапалысына ауыстыру жөнінде ұйғарым берілген. Құрылысшылардың мойнында әлі 28 кемшілікті жою ескертпесі тұр. Бастысы, салық төлеушілердің, яғни сіз бен біздің, жол салып жатқан құрылысшылардың салығымыздан құралған қаржыға салынып жатқан көше жолдары сапалы болуы шарт. Мониторингтік топтың мақсаты да осыған сай.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале