Жемістері үзілгелі тұрған ағашқа толы ауланы көріп, тамсана қарайтындарыңыз бар шығар. Ал бұл кереметтің қандай еңбекпен келетінін білесіздер ме?!
Ауласын жеміс ағаштарымен көмкеріп, көкөністен өнімді еселеген ағайын бүгін де бар. Чапаев ауылының байырғы тұрғыны Бахон Әбілғазиев жасы жетпістің жотасынан асса да, кішігірім бағын жайқалтып отыр. Бір туысқанының жерге салған жеміс дәндерінің өсіп, бала шағасына азық болып отырғанын талай көріп, қызығатын. Бала күнінен сол ағасының қасында жүріп, бау-бақша егудің қыр-сырына әбден қанықты. Содан шығар, қазір бұл шаруа еш қиындық тудырмайды. Ақсақалдың ауласына кірген бойда алмұрт ағаштарының жеміс бергеніне көзіміз түсті. «Үлкен немерем дүниеге келгенде, яғни осыдан 18 жыл бұрын өз қолыммен отырғызған талдар еді» дейді ағамыз жайнап тұрған алмұрттарына сүйсіне қарап.
Тек алмұрт емес, қысқы ,жазғы деген алмалардың небір түрі, шие де самсап тұр. Бәрін көзбен көру керек. Бауының бабының құпиясын сұраған бізге қария «Бақшаны өсіру көп еңбекті қажет етеді. Уақытында суарып, қажет тыңайтқыштарын беріп, күтсе, әркез мол жемісімен қуантады. Мысалы, алмұрт, алма ағаштарын аптасына бір рет суарса, жеткілікті. Шиенің мендегі түрі күтім талғамайды: айына бір рет қана толтыра суарса, өнімін аямай береді. Жапырақтарының зиянды жәндіктерден зақымданбауын қадағалап тұру міндетті», -деді.
Көкөністер егілген атыздардың жайы бір бөлек. Онда қызанақ, қияр, жуа, аскөк, қауын-қарбыз егілген. Оларға ерте көктемде жер қопсытып, орын дайындау, тыңайтқыш заттарды топыраққа араластырып қопсыту, жаз бойы күтіп-баптау – осының барлығы үлкен еңбекке тірелетінін жастарға ұғындырғысы келеді ақсақал. Ең басты мақсатым артымнан ерген ұрпаққа «ерінбегеннің еметінін» дәлелдеу, - дейді ол. Осынша жеміс ағаштарын баптап өсіргендегі ағаның ойы – оның өнімін сатып, пайда табуда емес екен. Аулада кең көсіліп жататын бос орынды қалайда пайдаға асыруды көздепті. Зейнет жасына шықтым деп, қонақ аралап, болмаса, үйде бос жатпай, еңбек еткен саулыққа да пайдалы. Әрі үйдегі немерелері де аталарымен бірге еңбекке араласады.
Жайқалған жеміс ағаштарын мақтана көрсеткен кейіпкеріміз бақшаның атыздарына келгенде, көңілі түсіп кетті. Оған себеп те жоқ емес. Қияр менен қызанақтың сабақтары қурауға жақын. «Арық суының тартылғанына біраз уақыт болды. Бірнеше жыл қатарынан дәл бақшаның қызған уақытында арық кеуіп қалған соң, ауладан құдық қазғанбыз. Бірақ суы ащы, әрі өніксіз. Ауылымыздың «Қарасай» деп аталып кеткен шағын ауданына ерте көктемде жылтырап келген суға қуанып, бақша саламыз. Дегенмен бұл қуанышымыздың ұзаққа созылмайтыны өкінішті», – дейді бағбан.
Негізінен, техникалық судың мәселесі аудан орталығының тек бұл аумағына ғана қатысты емес, тамыз болмай-ақ көптеген көшелерде арықтың аңқасы кебеді. Өндіріп өнім алмаса да, азының қайырын күтіп,отырған жұрттың айтарын ақтарып салды қарт бағбан. «Аспанға қол жайып, су тілеген ағайынның тілегі орындалар күн қашан», - деп ақсақал мұңын шақты. Бахон ағамыз секілді еңбекқор жандардың тірлігінің жануына арық суының болмауы кедергі екені рас. Пластик құбырлар тартып, қасымыздағы Жайығымыздан барлық көшелерге техникалық су тартса, елдің тілегі орындалатынын да еститін құлаққа «алтын сырғаны» да тағып, айтып жіберді қоштасарда. Үй алдына шыққанда арықтары кеуіп жататын барша жұрттың да тілегі ақсақалдың айтқанымен үндесері анық.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz