2.09.2020, 17:13
Оқылды: 246

Оралда балаларға арналған әдеби жоба бастау алды

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы облыстық «Ақжайық» телеарнасының қолдауымен «Балаларға кітап оқу сәті – Ақжайық қаламгерлерімен» тақырыбында балаларға арналған әдеби жобаны қолға алды. 

Хамза кітапханасы

- Жобаның мақсаты – өлкеміздің мақтаныштары, қазақ еліне танымал қаламгерлердің кітап оқып беруі арқылы өскелең ұрпақтың кітап оқуға құмарлығын арттыру, балалар әдебиеті оқылымын көтеру, оқырманның оқу мәдениетін қалыптастыру, - дейді Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының жұртшылықпен байланыс және бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы Гүлназ Хамзина.

Кітап оқуға үндейтін жобаның алғашқы қонағы болып Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева қатысты.

Ақын Ақұштап Бақтыгереева онлайн арқылы балаларға "Ертөстік" ертегісін оқып берді. Ертегінің мазмұнын бүгінгі өмірмен байланыстыра әңгімеледі.

Ақұштап апай

Бұл жоба алдағы уақытта жалғасын тауып, жас оқырмандарға жол тартпақ.

«Балаларға кітап оқу сәті – Ақжайық қаламгерлерімен» балаларға арналған әдеби жобасына Айтқали Нәріков, Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Ғайсағали Сейтақ, Амангелді Шахин, Мира Шүйіншәлиева, Бауыржан Ғұбайдуллин, Талап Таймасұлы, Қазбек Құттымұратұлы, Мұнайдар Балмолда, Бауыржан Халиолла, Ертай Бимұханов, Жансая Мусина, Талғат Мықи, т.б. ақын-жазушылар қонақта болады.

 

Ертай Бимұханов,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале