Бәйтерек ауданы Рубежин ауылында Ұстаздар күніне орай футболдан ауылішілік жарыс ұйымдастырылды. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру және өзара достық қарым-қатынасын нығайту мақсатында өткен доп додасына бірнеше команда қатысты.
– Спорт – денсаулық кепілі. Жастарымыз әрдайым спортты насихаттап келеді. Әсіресе футболшыларымыз көптеген жарыстарға шығып, ауыл, аудан атын танытуда. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін. Бағы мен бабы келіскен команда жеңіске жетсін, – деді бәсекенің ашылу салтанатында округ әкімі Асылбек Кенжин.
Қызыққа толы болған жарыс қорытындысында үшінші орын ауылдағы кәсіптік-техникалық колледж командасына, екінші орын ауыл жастарының командасына бұйырса, жарыс жеңімпазы атағы Рубежин мектебінің ұстаздарынан құрылған команда қанжығасында кетті.
Сондай-ақ өзін жақсы қырынан танытып, командасын жеңіске жетелеген Денис Козлов , Мирлан Мұхамбетжанов және Таймас Қарашев сынды ойыншылар түрлі аталымдар бойынша берілген бағалы сыйлықтарға ие болды.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер