Егін шаруашылығы жақсы дамыған Бәйтерек ауданында былтырғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы – 230,2 мың гектарды құраса, биыл бұл көрсеткіш 238,9 мың гектарға жеткен.
Бүгінге дейін аудан бойынша 216 тонна бидайдың тритикали түрі, 3403,4 тонна күздік қара бидай, 13 387 тонна жаздық бидай, 10 766 тонна арпа, 50 тонна ноқан қамбаға құйылған. Сондай-ақ 216 тонна картоп, 3820,5 тонна көкөніс, 2744 тонна бақша өнімдері жиналған. Бұл туралы Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, ауданда қыстаққа қажетті мал азығы өткен жылы 110 900 тоннаны құраса, биылғы жоспар 1,5 есеге өсіріліп, 163 200 тоннаға көтерілген. Өткен жылы аудан бойынша шабындық жердің жалпы көлемі – 200 мың гектарды құраса, бұл көрсеткіш биыл – 235 мың гектарға тең. Күні бүгінге барлығы 206 мың гектар шабылып, орташа өнімділігі әр гектардан 6,4 центнерді құраған. Қазіргі уақытта 130,9 мың тонна шөп шабылып, жоспардың 82% орындалған.
Даласы алтын дәнге, өрісі төрт түлікке толған Бәйтерек ауданында бүгінде 44 мыңға жуық ірі қара, 61 мыңнан астам қой-ешкі, жеті мыңдай жылқы, 11 мыңдай шошқа, 900 мыңға жуық құс өсірілуде.
Ауданда барлығы 36 асыл тұқымды шаруашылық бар, оның ішінде етті бағытта 27 шаруашылық, сүтті бағытта 5 шаруашылық, қой асыраумен төрт шаруашылық жұмыстануда.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz