Гүлдана Әлмұханбетова Ақсай қаласындағы №7 ЖОББ мектепте білім алып, кейін Орал қаласындағы мамандандырылған спорт мектебінде білімін жалғастырған.
Ол спорттағы алғашқы қарым-қабілетін Бөрлі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде сынап, аталған мектептің дзюдо бөлімінде машықтанған.
Ең алғаш спорт мектебіне келген бала Гүлдананы жаттықтырушысы Мәншүк Баданова бүгінде зор мақтанышпен айтады.
«Болар бала жасынан» деген ғой. Гүлдана сондай ширақ, алғыр болатын. Жаттығу соңынан да өзі қалып, үйренген әдіс-тәсілдерді қайталап, қас-қарая үйіне қайтатын. «Ізденген жетер мұратқа» демекші міне, ол бүгінде әлем чемпионы», - дейді жаттықтырушысы.
Иә, Гүлдана Нұрланқызы күні кеше ғана Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында самбодан және жауынгерлік самбодан өткен ересектер арасындағы Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрініп, әлем чемпионы атанды.
Гүлдана - Ақсайдан шыққан тұңғыш әлем чемпионы!
Гүлдананың осыған дейінгі де жетістіктерін тізбелей кетсек, дзюдо күресін жанына серік еткен күннен бастап ол - аудан, облыс, қала берді ел намысын абыроймен алып жүрді. Байрақты бәсекелерде талай елдің атын асқақтатып, жеңіс тұғырында марапатталды.
Аталған спорт түрі бойынша чемпион қыз, жасөспірімдер арасында үш дүркін Қазақстан республикасының жеңімпазы атанса, әйелдер арасындағы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері.
Сондай-ақ, IV Ислам ойындарының қола жүлдегері атанған Гүлдана 2011 жылы Рига қаласында өткен самбо күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған.
Жасынан спортты серік еткен Гүлдана, осындай белестердің белесін бағындырып, әлем чемпионы атанғаны біз үшін ерекше қуаныш және мақтаныш.
Көп жасқа үлгі болған чемпион қыздың әлі де бағындырар белестері көп болғай!
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы