9.12.2021, 11:15
Оқылды: 57

Бауыржан Айтмағамбетов: "Ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынмын"

Кеше Амангелді ауылдық округінде жылды қорытындылау бағытындағы жиын өткізілді. Аталмыш жиынға Тасқала ауданы әкімі Бауыржан Айтмағамбетов, сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

9

-Алдымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын. Округта 23 шаруа қожалығы өздерін жұмыспен қамтуда. Бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет жасап тұр. Төрт ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ірі қара мал басын асылдандырумен айналысып келеді. Ауылдастарымыздың арасында қайтарымсыз грант ұтып алып, өздерінің кәсібін дөңгелетіп жатқандар бар. Соның ішінде құс шаруашылығымен айналысу, бау-бақша егу жұмыстарымен де шұғылданады. Ауылдың ішін абаттандыру бойынша біршама жұмыс атқарылды. Ауылдың кіре берісіне 21 бағана қойылды. Қазіргі уақытта шамдары жарқырап ауылымыздың сәнін кіргізіп тұр. Сонымен қатар "Амангелді алма бағына" ұжыммен бірге 350 түп алма ағашын отырғыздық. Өмір болғасын жерде мәселеде жоқ емес. Айта кетсек, ауылымызда жиі жарық өшіп қалатындығы ауылдастарымды қынжылтады. Бұны шешудің жолыда оңай болмай тұр. Себебі ауқымды қаражатты талап ететін шаруа екендігі айтпаса да түсінікті. Алдағы жылы Астана көшесіне жол жүргізу бойынша мәселе шешілгелі тұр. Сонымен бірге ауыл мектебіне күрделі жұмыс жүргізу үшін жобалары дайын. Келер жылы бұл шаруада қолға алынады деген сенімдемін, - деді Амангелді ауылдық округінің әкімі Саягүл Галиева.

10

Кездесу барысында Тасқала ауданы әкімі Бауыржан Есқайырұлы сөз сөйледі. "Баршаңызға Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын. Жұмыс сапарыммен барлық елді мекендерді аралап, ауылдағы ағайынның ұсыныс-тілегін тыңдауға алдарыңызға келіп отырмыз. Және өзіммен бірге сала басшыларыда келіп қатысып отыр. Егер сұрақтарыңыз болса, әр сала мамандары сіздерге жауап беруге дайын. Бұған дейіңгі Достық ауылында да электр желісінің мәселесі өзекті екендігіне көзім жетті. Сіздің ауылда да осы мәселе қайталанып отыр. Алдағы уақытта оңтайлы жолдарын қарастырамыз. Ауылды абаттандыру, мектепті жөндеу, ауыл ішіндегі жол мәселесі секілді шаруаларды күн тәртібіне қойып отырмыз. Алдағы уақытта аталған мәселелер бойынша жұмыстанамыз" - деді аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов.

Жиын барысында ауыл тұрғындары сауал жолдады. Бірі ауылымызға шаштараз керек десе, енді бірі жол мәселесін қозғады. Жиналыс аяқталысымен "Ашық әкімдік" шарасы ұйымдастырылды. Осы орайда аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы ауыл азаматтарын жеке қабылдап, тұрғындардың ұсынысын тыңдады.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале