Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен коронавирус індетінің алдын алуға бағытталған жедел штаб отырысы өтті. Онда КВИ-дің «омикрон» штамы туралы ақпарат беріліп, карантиндік шараларды күшейту мәселесі талқыланды.
Облыстың бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, кoронавирустың жаңа штамы "омикрон" әлемнің 106 елінде анықталған. Сондай-ақ Ресейде бұл штамның 41 жағдайы тіркелген. Облыс аумағына 4 желтоқсаннан бері Мысырдан (69 адам), Ұлыбританиядан (19 адам), Италиядан (13 адам), Германиядан (8 адам), Лондоннан (2 адам) және Амстердамнан (1 адам), барлығы 112 ҚР және шет ел азаматтары келген. Олар тұрғылықты жері бойынша медициналық бақылауға алынған. Облыста «омикрон» штамын жұқтырған науқас жоқ.
– 1 желтоқсаннан бері облыста COVID-19-дың 270 жағдайы анықталды. Аурушаңдылық көбіне Орал қаласында 50% (135), Бәйтерек ауданында 19% (52), Теректі ауданында 7% (19), Бөрлі ауданында 6% (16), Ақжайық ауданында 6% (16), Бөкейорда ауданында 3% (8) және Шыңғырлау ауданында 2% (6) тіркелді. Білім беру нысандарына тоқталсақ, 1 желтоқсаннан бері 37 оқушы, 7 ұстаз індет жұқтырған. Олар вирустық инфекцияны үйдегі туыстарынан жұқтырған. Бөкейорда ауданы бас санитариялық дәрігерінің қаулысымен М.Маметова атындағы орта білім беру ұйымында 1 сынып (14.12.2021-ден 24.12.2021 ж. дейін), сонымен қатар Казталов ауданында Г. Молдашев атындағы орта білім беру ұйымында 1 сынып (14.12.2021-ден 27.12.2021 ж. дейін) 14 күн карантинге жабылды. Батыс Қазақстан облысында 167 мониторингтік топ жұмыс істейді. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша мониторинг топтар 4 908 рейдтік іс-шара өткізіп, 422 нысанда бұзушылықтар анықтады. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы 425-бабының 1-бөлімі бойынша 588 хаттама толтырылып, 35 251 945 теңге айыппұл салынды. Нысанның жұмысын тоқтату туралы сотқа 11 материал жіберілді. COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында келесі мәселелерді қарастырып, хаттамалық шешім қабылдауыңызды сұраймыз.
Біріншіден, меншігіне қарамастан барлық ұйымдарда COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) жұмыскерлерді күндізгі режимде жұмысқа жіберуді шектеуді;
Вакцина алмаған жұмыскерлер (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) міндетті түрде ПТР-тестілеуден (7 күнде 1 рет) өтуі қажет.
Екіншіден, сауда ойын-сауық үйлерінің, сауда орталықтарының, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерінде және келушілерінде «жасыл» мәртебесі бар (вакцинация, сынама алғанына 7 күннен аспаған теріс нәтижелі ПТР қорытындысымен, соңғы 3 айда ауырғандар және тұрақты медициналық қарсы көрсеткіштері бар тұлғаларды қоспаған жағдайда) болған жағдайда ғана жұмыс және демалыс күндері штатты тәртіпте жұмысты жүргізуді қамтамасыз ету керек, - деді Мұхамғали Қайыржанұлы.
Сондай-ақ штаб отырысында стационарлардың дайындығы, дәрі-дәрмектің жеткіліктілігі, «Ashyq» қосымшасы мен мониторингтік топтардың жұмысы туралы айтылды. Карантиндік шараларды күшейту мәселесі бірауыздан құпталды.
Өз кезегінде облыс әкімі Ғали Есқалиев мемқызметкерлерге жаңа жылдық кешті тойлауға тыйым салынатындығын жеткізді. Сондай-ақ ол облыстың бас санитарының карантинді күшейту туралы ұсынысын қолдап, келесі аптадан бастап ойын-сауық үйлеріне, сауда орталықтарына, халыққа қызмет көрсету орталықтарына тек «жасыл» мәртебесі бар адам ғана кіре алатындай жағдай жасау қажеттігін және екпе алмаған қызметкер 7 күнде бір рет ПТР талдама тапсыру міндеттелетінін айтты.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz