11.01.2022, 17:30
Оқылды: 28

"Жастардың міндеті – жаңа Қазақстанның әл-ауқатын арттыруға үлес қосу"

– Жастар – қашан да асқақ арман мен үміт, ар мен өр намыстың символы. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Бүгін өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та жастарға артылар сенімнің мол екенін аңғартты.

09C899AE-A03B-41E7-B6A1-C793AB79ADB5

Бүгінгі таңда Отан алдындағы борышын өтеуге барғысы келмейтін азаматтар аз емес. Бұл көңіл көншітпейтін мәселе, әрине. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе бар. Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарына әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек», – деді. Біз шаһардағы 14-29 жас аралығындағы жастармен жұмыстанатын мекеме болғандықтан, Президент көтерген мәселенің оң шешімін тауып, іске асуына атсалысамыз.
Президент “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны” жобаларына өзгерістер енгізу керектігін баса айтты. Сондай-ақ жастар бастамаларын қолдауға арналған гранттар құны да артпақ. Жастардың мүддесі үшін мемлекет тарапынан жоғары деңгейде жағдай жасалуда. Енді біздің, жастардың міндеті – білім алып, жаңа Қазақстанның дамып, елдің әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай үлес қосу.
Бастысы, еліміздегі екпінді жастардың тың пікірлері мен нақты ұсыныстары Президентіміз көтерген келелі мәселелермен ұштасып, іргелі істер атқарыла берсе екен дейміз.

Дулат Жүсіпқалиев,

Орал қалалық ресурстық орталығының басшысы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале