26.01.2022, 9:30
Оқылды: 37

Университеттер филиалы Оралда орналасса...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев Парламент Мәжілісінің  отырысында сөз сөйлеп, Үкіметке  еліміздің болашақ дамуына қатысты  бірқатар тапсырма берген болатын.  Соның бірі – 2025 жылға қарай елімізде  беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу  мәселесі. Оның ішінде «екі техникалық  бағдарланған филиал еліміздің  батысында болғаны жөн» деді Президент.

IMG-20220126-WA0009

Бұл, әрине, үлкен жаңалық. Әлемдік деңгейдегі техникалық жоғары оқу орны филиалының ашылуы Қазақстанның батыс өңіріне ерекше серпін беруі мүмкін. Бұл ең алдымен білім алушы жастарға тамаша мүмкіндік болары сөзсіз. Қазір халықтың көкейінде «Ол филиал қай қалада ашылар екен?» деген сауал тұрғаны анық. Біз Қазақстанның батыс өңіріндегі облыстарды  саралап  көрдік.

Қазақстанның батыс аймағы әу бастан индустриалды өңір саналады. Мұнда мұнай мен газ өндіріледі, мұнай өнімдерін өңдеу, машина жасау, металлургия, қорғаныс өнеркәсібі дамыған. Тау-кен өндірісі мен тамақ өнеркәсібі де бар. Өңірдің өнеркәсіп саласында мыңдаған адам қызмет етіп, нәпақасын тауып жүр. Әрине, мұның барлығына жоғары білікті мамандар қажет.

«Осыншама өндіріске осы кезге дейін маманды кім әзірлеп келді?» деген сауал қойылса, әрине, алдымен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ауызға алынар еді.

– Жәңгір хан университеті – еліміздің батыс өңірінде баламасы жоқ ғылым-білім орталығы екені анық. Халықаралық және ұлттық агенттіктердің рейтингінде БҚАТУ өзге әріптестерінің көбінен түрлі сала бойынша озық тұр. Әсіресе техникалық ғылымдар мен инженерия саласында дайындық өте жоғары, – дейді аталған университеттің ректоры, профессор Асқар Нәметов.

Қараңыз, QS World University Rankings рейтинг агенттігінің есебінше, Жәңгір хан университеті Шығыс Еуропа мен Орта Азиядағы ең үздік жоғары оқу орындарының 351-400 тобына кіреді. Ал білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз қазақстандық агенттіктің (IQAA) есебінде БҚАТУ бүкілқазақстандық ЖОО-лар арасында 8-орынға шыққан. Тәуелсіз аккредитация және рейтинг агенттігінің (НААР) 2020 жылғы «ТОП-20» тізімінде Жәңгір хан университеті 11-орынға табан тіреген болатын. 2020 жылы «Атамекен» ҰКП айқындаған 27 білім бағдарламасы тізімінің тоғызында оралдық университет алғашқы үштіктен көрінген. Әрине, мұның бәрі оңай келген жеңіс емес. Әр жетістіктің артында төгілген тер, есепсіз еңбек тұрғаны анық.

– Қазір біздің университет 6 техникалық бағыт бойынша жоғары білім, 4 бағыт бойынша магистратура және 1 бағыт бойынша докторантура деңгейінде білім беретін лицензияға ие, – дейді А. Нәметов. Бұл мамандықтар еліміздің батыс өңірінің экономикасына қажетті кәсіптерді қамтиды. Университеттің оқу үдерісіне өңірдегі ірі кәсіпорындар, білім мекемелері мен меншіктің түрлі формасындағы мекемелер атсалысады.

Айта кетейік, университеттің машина жасау факультеті 2005 жылы 25 маусымда ел Үкіметінің арнайы қаулысымен Қазақстанның батыс өңіріндегі инженерлік-техникалық кадр тапшылығын жою мақсатында ашылған.

Шетелдік университеттер туралы сөз болса, олардың бір ерекшелігі ретінде «ЖОО – шағын қала» модулін айтып жатады. Мұндай университеттер Қазақстанда да көп емес. Сол аздың бірі  – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті дер едік. Дамыған инфрақұрылымы, материалдық-техникалық базасы бар кампуста студенттердің барлық жағдайы жасалған. Қазақстанның батыс бөлігінде мұндай мүмкіндігі бар жалғыз  ЖОО  да  – осы.

Университет студенттері 100%  баспанамен қамтылған, жайлы да заманауи, ең бастысы еліміз бойынша ең арзан 4 жатақханада тұрады. Кампуста 2 студенттік асхана, 3 буфет жұмыс істейді. Бұл комбинат университет оқытушылары мен студенттерін арзан да сапалы тағаммен толық қамтамасыз етіп отыр. Университет аумағында студенттік емхана, заманауи спорттық кешен, стадион, «НИ­ВА» атты спорттық-сауықтыру кешені қызмет етіп тұр.

Университет қабырғасында заманауи құрал-жабдықпен жарақталған инженерлік зертхана жұмыс істейді. Мұнда мұнай химиясы, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мониторинг секілді жоғары ғылыми-әдістемелік зерттеулер жасалады. Технологиялық даму ұлттық агенттігінің қолдауымен Технологияны коммерцияландыру кеңсесі ашылған. ИСО МЭК 17025 стандартына сәйкес Тәжірибе орталығы ашылып, аккредиттеуден өткен. 2020 жылы ғана университет ғалымдары 17 гранттық жобаны, 8 дербес қаржыландыру жобасын жүзеге асырыпты. Ғылыми зерттеулер негізінде шетелдік ғылыми журналдарда ғылыми мақалалар, монографиялар, қорғалатын құжаттар жарық көрген. Со­ның ішінде техникалық бағыттағы 49 патент болғанын айтсақ та жеткілікті шығар.

Әлемнің іргелі техникалық университеті өз филиалын ашуға лайық дегенде, БҚАТУ-дың бүгінге дейінгі халықаралық байланыстарын да саралап көрдік. Университет ғалымдары мен студенттері Clarivate Analytics, Elsevier компанияларының, ресейлік ЭБС «Лань», Polpred.com ақпараттық ресурстарының базасын пайдаланып жүр. АРБИКОН РФ, ҚР ЕЭК, РМЭК, Қаз ҒЭК секілді электронды кітапхана базаларымен ортақ ақпараттық жүйе жасалған.

БҚАТУ Еуропаның, АҚШ пен Қытайдың 32 университетімен, ТМД елдерінің 135 жоғары оқу орындарымен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойған. 2021 жылы қыркүйек айында Брюссель қаласындағы Belgian EducationCouncil кеңесімен әріптестік жөніндегі келісімге қол қойып, болашақ жұмыстарды бекітті.

БҚАТУ ғалымдары 2020 жылдан бері Эразмус жүйесінің 3 жобасына қатысып жатыр: бұл – «Қазақстандағы өндірісті аутоматтандыру және робототехника үшін дуальды білім беру», «Информатика саласындағы жас ғалымдар мен докторанттар үшін озық орталық» және «Болашақтың агрожүйесі – SAGRIS және тұрақты ауыл шаруашылығы саласында университеттен кейінгі білімді жетілдіру» жобалары. Ал DIARKAZ жобасы аясында Аустрия және Германия ғалымдарымен бірлесіп, робототехникалық жүйе оқу бағдарламасы жасалған. Осы жоба арқылы қажетті құрал-жабдық алынып, робототехникалық жүйе зертханасы құрылған.

Университет түлектері мен қамқоршылары қауымдатығының құрамында өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары мен қоғам, мемлекет қайраткерлері де аз емес. Олардың қатарында «ОралАгроРемМаш», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Зенит» зауыты, «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты АҚ, Karachaganak Petroleum Operating B.V. – KPO, «Конденсат» компаниялар тобы, «Батыс Қазақстан аймақтық электр жүйесі компаниясы», «Күбілей» ЖШС, «Жайық Ет», «Нұржанар» және басқа кәсіпорындар бар. Білім ордасы мен өнеркәсіп өзара біте қайнасқан осындай ортада университеттен түлеп ұшқан жас мамандардың 80 пайызы бірден жергілікті кәсіпорындарға орналасып, өмірге етене араласады.

Бүгінде басым бағытын робототехника мен прибор жасау, құрылыс, мұнай-газ секторы, машина жасау, қуат үнемдегіш технология, көлік және логистика салаларына бұрып отырған университеттің әлеуеті өте үлкен. Сондықтан бұл жерде әлемдік ЖОО филиалы ашылатын болса, бүкіл өңірдің, бәлкім еліміздің ғылымы мен технологиясын алға дамытатын қадам болары анық. Оның үстіне Орал қаласының жағырапиялық жағдайы да, табиғаты да әлемдік деңгейдегі профессор, ғалымдардың келіп тұруына, еңбек етуіне ерекше қолайлы болатыны анық қой.

Қазбек Құттымұратұлы,

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале